2023 жылы әскери қызметке шақырылатын запастағы офицерлердің санын екі есе ұлғайту көзделіп отыр деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
“Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы” үкімет қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.
«Жобаның мақсаты – 2023 жылы ҚР Қарулы Күштерін, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігін және ҚР Ұлттық ұланын жасақтау үшін әскери қызметке шақырылатын запастағы офицерлердің санын ұлғайту. Жобаны іске асыру қосымша бюджет шығынын талап етпейді және тиісті жылдарға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады», – деп түсіндірме берілген Үкімет қаулысының жобасында.
Оған сәйкес, 2023 жылы әскери қызметке шақырылуға жататын запастағы офицерлердің саны:
ҚР Қарулы күштері – 550;
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – 60;
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі – 16;
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы – 9.
Құжат 6 маусымға дейін қоғам талқысына шығарылды.
Айта кетері, жыл басында тиісті қаулымен запастағы 345 офицерді әскери қызметке шақыру жоспарланған болатын. Енді запастағы 635 офицер әскери қызметке шақырылмақ.