“ГОК” жобасын американдық тәуелсіз Libertus Film кинокомпаниясы қазақстандық Olzahzavre Film Factory киностудиясымен бірлесіп түсірген, деп хабарлайды kazbusiness.kz. Режиссері – Олжас Боялбаев.
Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлікті рейдерлікпен басып алу туралы толықметражды “ГОК” фильмі прокатқа шықты.
Фильмнің тұсаукесерінде басты кейіпкердің прототипі – Титан-цирконий рудаларының Обухов кен орнында жұмыс істейтін “Тиолайн” ЖШС құрылтайшысы Виктор Долгалев осынау сан қырлы оқиғаны жан-жақты әңгімелеп берді.
Кәсіпорын қызметіндегі барлық қиындықтарды жақсы білетін идея авторы Виктор Долгаев фильмнің сюжетіне шытырман оқиғаларды қосып, оны соңғы минутына дейін қызықты ету үшін сценарист ретінде де жұмыс істеді.
“ГОК” – “көкесі” жоқ, ықпалды меценаттарсыз жұмыс істейтін елдегі бизнестің қазіргі күйін дөп басатын Қазақстандағы жалғыз картина. Шындықты боямасыз, ең бастысы, шектен шықпауды мақсат еттік. “ГОК” елдегі табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарың тағдырын көрсетеді. Елімізде мұндай лас бизнестің қанат жаюы себебін түсінсек, қоғамның дерті айқындала түседі”, – деді Виктор Долгаев
Криминалдық драма Солтүстік Қазақстан облысындағы пайдалы қазбаларды тартып алып, шетелге сату әрекеті туралы баяндайды. Оқиға кәсіпорын құрылтайшысынан бастап, салық басқармасының жемқор басшысына дейін бірнеше адамның арасындағы қақтығысты баяндайды. Сюжет бойынша Қытайдан келген бизнесмендер ресейлік олигархтармен және қазақстандық жемқор шенеуніктермен бірлесіп, тау-кен байыту комбинатын заңсыз сатуды ұсынады. Бұл іске қатысы бар әр адам елді тонап, өз жемтігін алуды жоспарлайды. Жүздеген қызметкері көшеде қалған кәсіпорынның құрылтайшысы әрі директоры әділдік үшін күреседі.
Картина авторлары “шетелдіктер еліміздің аумағында қалайша осындай заңсыздық жасай алады?” деген сұраққа жауап іздейді. Көрерменге “олардың елдерінде дәл осылай істеуге болар ма екен?” деген сұрақты тастайды. Фильм сюжеті отандық ірі өнім мен ар-ожданды оп-оңай сатуға дайын жергілікті шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелейді. Фильм соңында Қазақстандағы өнеркәсіптің 90 пайызы Қазақстан Республикасына тиесілі емес екені жазылған.
Фильмдегі рөлдерді белгілі қазақстандық актерлар Әзиз Бейшеналиев, Жан Байжанбаев, Анатолий Креженчуков, Еркен Ғұбашев, Елжас Рақым, Сергей Уфимцев, Еркебұлан Дайыров, Нартай Сауданбекұлы, қытайлық актерлер Чу Цзы Чан, Ван Сянь сомдады.