Отандық дронның тактикалық және техникалық сипаттамалары жақсартылып, жылдамдығы, әуеге көтерілуі және ұшу ауқымы кеңейді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов айтуынша, елімізде құрастырылған ҰҰА әмбебаптығымен ерекше. Мәселен, оны мұнай-газ, энергетика секторлары және азаматтық қорғаныста, оның ішінде іздеу-құтқару жұмыстарында қолдануға болады. Бұған қоса қазақстандық өнімнің төтенше жағдай кезінде тікұшақты алмастырып, мұнай және газ құбырларына, сондай-ақ электр желілеріне бақылау жүргізуде пайдасы көп.
«Шағала-М» аппаратының артықшылығы оған ұшып-қону жолағы қажеті жоқ. Бағасы шетелдік аналогтармен салыстырғанда арзан. Аталған өнімді сату мәселесіне келсек, СТ–KZ және индустриялық сертификаттары мен патенті бар», – деді «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығының бас директоры Ғани Байсейітов.
Биыл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның әуе кеңістігінде Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жөніндегі ережені әзірлеп, соған сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінен бөлек ұшу аппараттарын есепке алу, санаттарға бөлу мен дрондарға рұқсат құжаттарын беру жолдары қарастырылған.
Бұдан басқа ұлттық компанияның авиациялық-оқу орталығында азаматтық мақсаттағы дрондар мен коптерлердің қауіпсіз және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ұшқыштар мен механиктерді даярлау бағдарламасы іске қосылғанын айта кетейік.