Бұл бокс деп отырғанымыз – шағын дүңгіршек. Оның іші кішкентай шақалаққа ыңғайластырылған, қауіпсіз, жылы. Сонымен қатар, мұнда ана үшін арнайы хат жазылып, қалдырылған. Жазбада баладан бас тартпау керектігі баяндалып, алда жасауға болатын іс-әрекеттер туралы ақыл-кеңестер айтылған.
Қарасай ауданында бұл “бэби-бокс” екі жыл бұрын пайда болды. Ақ желеңділер осы арқылы әжетханада немесе қоқыста, жол бойында, аялдамаларда қалдырылатын бейкүнә сәбилердің санын азайтамыз, ең азынан тастандыларды аман алып қаламыз деп болжаған еді.
Шынымен де, аталған дүңгіршектер Қаскелеңде орнатылғаннан бері мұнда көкек аналар екі баланы тастап кеткен. Бұл туралы Sputnik Қазақстан ақпараттық порталы жариялады.
Қарасай көпсалалы орталық ауруханасы директорының орынбасары Индира Қабаева алғашқы орын алған оқиғаға отбасылық жағдай мен ажырасудың себеп болғанын айтты.
«Баланы тастауының негізгі себебі – ажырасу. Кейін баланы қалай асырайтынын білмей осындай әрекетке барған. Нәрсете мәселелер шешілгенше бізде 17 күндей қарауымызда болды. Барлығы реттелген соң, баланы ата-анасы алып кетті»,- дейді ол.
Ал екінші жағдай ағымдағы жылдың наурыз айында орын алған.
Аурухана өкілінің сөзіне сүйенсек, шақалақты қалдырып кеткен 18 жасар қыз екен. Тексеру барысында жалғыз басты ана екені анықталған. Нәресте ауруханада толық тексеруден өтіп, бес күннен соң арнайы қамқоршылық органына табысталған.
Бір айта кетелігі, бокс есігі әрқашан ашық болады. Баланы қалдырған сәтте ауруханада дабыл қағылады. Осы арқылы дәрігерлер баланы өз қарамағына алып, әрі қарай тиісті шараларды атқаруға кіріседі.