Мәжілісте “Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы” кешенді жоспары талқыланып жатыр. Алдағы 6 жылда билік азаматтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздеп отыр деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді өткен жылдың басында Тоқаев тапсырған еді. Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілісте сөз сөйлеген Президент қазақстандықтардың кедейленіп бара жатқанын, жалақының өспей жатқанын, салдарынан әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлағанын алға тартты.
Депутат Мәди Тәкиев еліміздегі ең маңызды бағдарламаларының бірін қарастырылып жатқанын айтты. Айтуынша, ол халық табысының төмендігіне, теңсіздіктер мен жұмыссыздық бойынша негізгі проблемаларды шешуге бағытталған.
“Бұл мәселелер шешімін таппайтын болса, бағдарламаның ешбір пайдасы болмайды. Бағдарламаның негізгі жүйелік бағыттарына тоқталып өтейін. Соңғы 5 жылда халықтың нақты ақшалай табысының үлесі төмендегені байқалады. 2018 – 2022 жылдары аралығында 5 пайыздан 2,8 пайызға төмендеп кетті. Әрине, оған инфляция айтарлықтай әсер етті. Былтыр ол 20 жылдық рекордқа жетті”, – деді Тәкиев
Ол атағандай, халықтың орташа жалақысы мен идеалды жалақысы арасында алшақтық азаймай отыр.
“Айырмашылық деңгейі 50 пайызға жетті. Бұл азаматтардың жағдайы қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда халықтың жартысы жетіспеушілік деңгейінде өмір сүріп жатыр. Тұрақты жұмыс істейтін қазақстандықтарға келсек, қазір олардың саны 2 млн-нан асады. Оның 64 пайызы немесе 3/1 жұмыс істейтін кедейлерге жатады, яғни олар 100 мыңға дейін жалақы алады. Негізінен 61 пайызы ауыл шаруашылық саласында істейді. Олардың барлығын кедей деп айтуға болмайды. Бірақ бұл мәселені шешу керек”, – деді ол.