Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді, деп хабарлайды Kazbusiness.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
19 мамырдан бастап “Қылмыстық сот ісін жүргізу, жазаны орындау, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қатынас түрлерінің алдын алу бойынша адам құқықтары мәселелері жөніндегі қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң күшіне енді.
Бұл заңмен отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді.
Қылмыстық кодекстің 106 (Денсаулыққа ауыр зиян келтіру) және 107-баптарында (Ауырлығы орташа) “кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау” деген саралау белгілері енгізілді.
Егер бұрын 106-бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделсе, қазір жаза 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды.
Сонымен қатар әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу жәбірленушінің арызынсыз басталуы мүмкін.
Азаматтарды отбасылық-тұрмыстық салада жауапты болуға шақырамыз, – деп ескертті ІІМ.