Еске салсақ, Қарасай аудандық ПБ кезекші бөліміне BMW маркалы көліктегі қаруланған адамдар жеткізілген. Оның арасында “Алтын Орда” базары басшысының орынбасары болғаны анықталды.
Ал желіде “Біз біргеміз, бастық!” деген қимастық сезіммен полиция басқармасының алдына сауда орны қызметкерлерінің жиналған видеосы да тараған еді. Бүгін базар әкімшілігі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Олардың айтуынша, қамалған күзетшілердің қару ұстауға барлық рұқсат қағазы бар. Сонымен қатар, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенінің атқарушы директоры кеше базар маңындағы айналма жолда, бейнебақылау камералары жоқ аумақта түсініксіз жағдайда ұсталғаны сауда орны әкімшілігі үшін күдік туғызып отырған көрінеді.
“Оған қоса, атқарушы директор бес уақыт намаздағы адам, алкогольді ішімдіктер ішпейді, темекі шекпейді. Жалпы, бұл жағдай базарға көз тігіп отырған шенділер немесе әмбебап кешеннің ескі иелерінің әрекеті ме деген күмән бар. Себебі, Үкімет басшысының Алтын Орданы тексеру туралы берілген тапсырмасынан соң, екі күннен кейін, атқарушы директордың ұсталғаны күмәнді. Қазір «Алтын Орда» сауда-логистикалық орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ешқандай кедергі жоқ. Бастысы тергеу әділ өтіп, қастандық жасалғаны дәлелденіп, кінәлілер жауапқа тартылады деп сенеміз”, – дейді өз сөзінде базар өкілі.
Дереккөз: Qaz365kz