SCAT әуе компаниясы аутизм диагнозы қойылған баласы бар отбасыны ұшаққа мінгізбегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабын бұзғаны үшін SCAT әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалған.
Еске сала кетейік бұған дейін желіде әуе компаниясының қызметкері аутизммен ауыратын баласы бар отбасын ұшақ бортына жібермей қойғаны туралы ақпарат тараған еді.
Жариялымда оқиғаның 2023 жылғы 27 мамырда болғаны және отбасын ұшаққа баласының аутизм дертіне байланысты жібермей қойғаны айтылған.
“Диагнозы бар бала, сондай-ақ оның ата-анасына ұшаққа отыруға рұқсат етілмеді. Рейс бірнеше рет ауыстырылды. Бала шаршады. SCAT әуекомпаниясының қызметкері бала басқа жолаушылардың мазасын алады деп, оны бортқа жібермеді. “Баланы біреуге қалдырып кетіңіз” деді”, – делінген oo_moi_rebenok Instagram-парақшасында.
Соның кесірінен отбасы Түркияға ұша алмады, сондай-ақ уақыты мен ақшасын жоғалтты. Алайда оларды ең ашындырғаны – елімізде ерекше балаларға деген толеранттылықтың жоқтығы.
Бұл жағдайға әуекомпанияның баспасөз қызметі кешірім сұрап, жауап берді.
“Жолаушыларымыз осындай жағдайға тап болғанына өте өкінеміз. Әуекомпания сіздерден кешірім сұрап, басқа күндерге демалыс нұсқасын ұсынды. Қызметкерге қатысты қатаң шаралар қабылданды”, – деп түсіндірді SCAT.