Желіде Қарасай ауданында алкогольді ішімдік ішкен ер азаматтың жасөспірім қызды ұрлап кеткені туралы видео тарады деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
Оқиға 4 маусым күні Жібек жолы ауылының Алтынсарин көшесінде орын алған.
Видео авторы Күләш есімді әйел жасөспірімді құтқарып қалған. Ер азамат одан қызы екеуін Ұзынағаш ауылына жеткізіп салуын өтінген. Әңгіме барысында, жасөспірімнің ер адамға қатысы жоқ екені анықталған.
Бейресми деректерге сүйенсек, 1987 жылғы азамат мектепке бара жатқан жеткіншекті Жамбыл ауданына қарасты Қырығауылды ауылынан алып кетіп, Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылына алып келген.
Видеода қыздың жігітті танымайтынын айтып жылағаны байқалады. Қыздың айтуы бойынша, өнер мектебіне апарамын деп алдап, арам ойын іске асырмақ болған.
Видео авторы Қарасай аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Тексеру барысында, аталған азамат Жаркент қаласының 1987 жылғы тұрғыны Ауезов Руслан екені анықталған.
“ 4 маусым күні Руслан есімді азамат кәмелетке толмаған жасөспірім қызды Қырығауылды ауылынан Жібек жолы ауылына алып келген. Жасөспірім қыз көшеде өтіп бара жатқан әйелден көмек сұраған. Аталған дерек бойынша іс қозғалып, Жамбыл ауданына қарасты полиция бөлімшесіне ауыстырылды”,- делінген Алматы облыстық полиция департаментінің ресми мәлімдемесінде
Жасөспірім қыз аман-есен ата-анасына тапсырылды.