Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекеттік балабақшаларды қазақ тіліне көшіру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Бүгінгі таңда 11 мыңнан аса балабақша бар. Оның тең жартысы мемлекеттік балабақшалар. Сондықтан жалпы ашылатын орынды, қажеттілікті де көріп отырмыз. Қазақ тіліндегі балабақшаларға қажеттілік те, сұраныс та бар. Жалпы мемлекеттік балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесін толыққанды іске асыруға болады деп есептейміз. Бүгінде бұл мәселемен мектепке дейінгі білім беру департаменті айналысуда», – деді ол.
Ведомство басшысы мемлекеттік тілде балабақшаларды ұйымдастыру ешқандай қиындық туғызбайды деп есептейтінін жеткізді.
«Өйткені тәрбиешілердің жеткілікті саны бар. Сұраныс та бар. Мамандардың сапасына қатысты оларды оқытудан өткізу, дайындау, қосымша мамандар, логопедтер керек. Солардың бәрін дайындау мәселесі қазір қосымша қолға алынады», – деп атап өтті министр.
Тілшілер бұл жұмыс қашан аяқталатынын сұрады.
«Үздіксіз жүретін дүние ғой. Бұл жұмыс басталып жатыр. Балабақшалар ашылған сайын оның қазақ тілінде болуы қамтамасыз етіледі», – деп түйіндеді Ғани Бейсембаев.