Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кеше ұсталғаны белгілі болған мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевтың ісіне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Нұржан Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді. 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол Абылай Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен, – делінген Антикор таратқан хабарламада.
Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған болатын.