Қарасай ауданы аяқ киім өндірісіне сүбелі үлес қосып отыр. Аймақта «Steppe is» атты аяқ киім шығаратын кәсіпорын бар. 2017 жылы ашылған өндірістің бүгінгі жағдайы қалай? Бәсекелес жайлаған нарыққа олардың тауары төтеп беріп жүр ме? Осы сұрақтарға kazbusiness.kz тілшісі жауап іздеп қайтты.
2017 жылы шағын цех болып ашылған өндіріс орнының тізгінін Селим Жолай басқарады. Ол шағын цехты 2017 жылы аяқ киім сататын дүкеннің орнына ашыпты.
«Цех ашпай тұрып аяқ киім саудасымен айналыстық. Дүкен ашып, шетелден көтерме бағамен сатып әкеліп, соны өзімізде саудаға шығардық. Одан кейін біздің де қолымыздан өндіру келеді ғой. Неге осы салаға бет бұрып көрмеске деп ойландық. Сөйтіп осы бағытта өзімізді сынап көрейік деп шешім қабылдадық», – дейді кәсіпкер.
Айтуынша, өндіріс орнын ашу үшін Шамамен 3 жыл кеткен. Цех шикізат пен қажетті материалдарды шетелден әкеледі. Қалғанын кәсіпорында аяқтайды. Таза отандық өнім. Кәсіпкердің ендігі жоспары – цехтың аумағын үлкейту.
Алғашында табыс көзі болмаса да аяқтан тұрып кетуді ойлап, барын салған. Қасына жұмыссыз қалған әріптестерін шақырады. 15 адаммен ғана аяқ киім шығарған оның қарамағында бүгінгі таңда 50 адам қызмет етеді. Сұраныс көп болғанда жұмысшы саны 100-ден асқан кездер болған. «Steppe is» аяқ киімдеріне сұраныс биыл азайса да, өзінің сапасын жоғалтпаған. Бұл туралы цех иесі:
«Қытайлық арзан өнімдер базарда толып тұр. Одан қалса, аяқ киімді Өзбекстан және Қырғыстан да өндіре бастады. Шетелден келетін тауарларға да мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Әрине, сапасы жағынан біздікі жақсы. Десе де, шикізат көбірек кетеді, соған байланысты қымбатырақ», – деді.
Айта кетейік, отандық аяқ киімдер елдің барлық өңіріне жеткізіледі. Әр қаладағы дүкен сөрелерінен табуға болады. Одан бөлек Қырғыстан, Шешенстан, Грозный, Дағыстан, Махачкалға экспортталады.
“Кәсіпкер өзі ізденуі керек. Іздеп, жүгірмесең, жұмыс өнбейді ғой. Клиент іздеп тауып, тауарыңның алуға тұрарлық екенін дәлелдеу қажетсің. Мысалы, Қырғыстанда ашыла салған сәтте сауда баяу болды. Содан кейін барып өзіміздің тауарды жарнамалай бастадық. Бішкекте «Қазақстан өндірісі» деген атымыз шыға бастады. Сөйтіп сауда жақсы жүре бастады”, – деп бөлісті кәсіпкер.
Аяқ киім тігуге арналған құралдар (станоктар) Түркия мемлекетінен сатып алынған. Жақында Қытайдан жаңа станок әкелінді.
Өндірісте аяқ киімнің 500-ден аса түрін шығарылады. Күніне 3000 жұп аяқ киім тігеді.
Дүкен сөрелерінен “Қазақстандық өнім” деген тауарды көрсек, ішіміз жылып, қуанып қалатынымыз жасырын емес. Бүгінгі күні отандық өндіріс ілгері дамып, шетелге экспортқа шығып, танылып жатыр. Бұл еліміз үшін, оның ішінде кәсіпкерлер үшін үлкен жетістік. Міне, Селим Жолай сынды отандық өнімнің дамуына сүбелі үлесін қосып жатқан кәсіпкерлер қатары күннен күнге көбеюде. Осындай кәсіпкерлердің еңбек жолы мен жетістікке жету кезеңі көпке үлгі болары сөзсіз.