ҰБТ-ға смартфон мен шпаргалка алып келген 146 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен шектетілген деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ өтіп жатқан үш аптаның аралық қорытындысын жариялады.
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 127 мың реттен астам тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Бүгінгі күнге дейін шекті балды 78 пайызға жуық талапкер жинады. Әзірге ең жоғары баллды (137) бір талапкер жинаған. Орташа балл – 69 балл.
«ҰБТ-ның үшінші аптасында талапкерлер тестілеуді тапсырудың екінші мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Сондықтан тестті екі рет тапсырып, балдарын біліп отырған балалар грант конкурсы бойынша сұрақтар қоя бастады. Ең жиі қойылатын сұрақ: Грант ұтып алу үшін қанша балл жинау керек? Грантқа шекті балл деген болмайды және барлығы конкурсқа байланысты екендігін тағы да бір атап өтсем. Бірақ кем дегенде бағдар болу үшін оқуға түсушілер былтырғы нәтижелермен таныса алады. Мысалы, 2022 жылы «Стоматология» ББТ бойынша бір грантқа 25 үміткер болған, ал грант ұтып алғандардың орташа көрсеткіші 134 балды құрады», — деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 106 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.
Біреудің орнына тест тапсырмақ болған бөтен адамдар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбасына талдау жүргізіледі.