Семейдегі өрт кезінде қаза тапқандар саны 14-ке жетті, деп хабарлайды Kazbusiness.kz
“Абай облысындағы өртті сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың жеке басы анықталуда”, – деп жазды ТЖМ-нан.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Семейдегі орман өртіне қатысты соңғы мәліметтермен бөлісе отырып, қаза тапқандардың кім екені анықталып жатқанын айтты.
“Жаңа ғана тікұшақпен әуеден жағдайды тағы бақылап келдік. Бұған дейін айтқанымдай, өртті ауыздауға жел кері әсерін тигізіп жатыр. Сол сияқты орманның ішіне техникамен кіру қиындық туғызып тұр. Жалпы жағдай тұрақты әрі бақылауда”, – деді Нұрболат Дербісов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, тележүргізуші өрттен қайтыс болғандардың тағдырына қатысты сауал қойды.
“Сұрағыңыз орынды. Бәрімізге де оңай болып тұрған жоқ. Өрт басталғаннан кейін орман қызметкерлері байланысқа шықпай қалды. Олар қолданған техника қалдықтарының орны табылды. Қазір полиция қызметкерлері олардың жеке басын анықтай бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қайтыс болғандар туралы ақпаратты құзырлы органдар береді деп ойлаймыз. Біздің қазіргі міндет – өртті ауыздақтап, оның жақын маңдағы елдімекендерді жайлауына жол бермеу”, – дейді ол.
Айта кетсек, бұған дейін жоғалған Орман шаруашылығы үш қызметкерінің өлі денесі табылған болатын. Осылайша, қаза тапқандар саны 14-ке жетті.