Жас ана “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Бөлектау тауынан құлап көз жұмды деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Астаналық әйелдің қаза болғанын Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлады. Оқиға 11 маусым күні сағат 18:00-ден кейін Бурабай ауданы аумағында болған. Ол отбасымен қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Бурабайға демалуға келіпті. Бірақ Бөлектау тауының төбесіне шығып, суретке түспек болғанда құлап кеткен.
“Бөлектау тауының шолу алаңына көтерілу кезінде әйел суретке түспек болған, алайда ол 15 метр биіктіктен құлап, тасқа соғылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда 28 жастағы әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Бурабай ауданы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына құтқарушылар, полицейлер мен жедел жәрдем жеткен. Дәрігерлер дер кезінде жеткенімен, астаналықты аман алып қала алмады. Марқұмның туыстарымен психологтар жұмыс істеп, көмек көрсетілуде.
Осы жағдайға байланысты полиция жергілікті тұрғындар мен қонақтарға қауіпсіздік шараларына жіті мән беруді және сақ болуды ескертіп отыр.