Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген оқушы бас бостандығынан айырылды. 10-сынып оқушысының 6 айға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Былтыр мамыр айында Ақтөбенің жоғары оқу орындары біраз дүрліккен еді. Барлық қызметті аяғынан тік тұрғызған кім екенін полицейлер бір жыл өткеннен кейін іздеп тапты. Ол Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде 10-класта оқитын оқушы болып шықты.
Өз кінәсін мойындап түсініктеме берген. Сондай-ақ, ол осындай электрондық хатты Көкшетау қаласына да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлағаны анықталды.
Жоғары сынып оқушысының ісі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотында қаралып, оған 6 айға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Естеріңізге салсақ, былтыр мамыр айында полиция департаментінің электронды поштасына хат келген. Онда бірнеше жоғары оқу орнының ғимараттарына жарылғыш құрылғылардың қойылғаны туралы жазылған. Дереу шұғыл қызметтер, саперлер мен кинологтар барып тексеріп, ештеңе таппаған еді.