Алматыда үш ауысымды мектептер толықтай жойылды. Тіпті әкімдік алдағы 7 жылда балаларды екі ауысымды оқытудан бір ауысымға көшіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Бұл туралы қалалық мәслихаттың VI сессиясында білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева хабарлады.
“2022 жылдың желтоқсанында Алатау ауданындағы Мәдениет ш/а 1500 орындық жаңа мектеп салу есебінен үш ауысымдағы соңғы №196 мектеп жойылды. Орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін Мемлекет басшысы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын іске асыруға қолдау көрсетіп, 2030 жылға дейін бір ауысымды оқытуға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды”, – дейді Ләззат Жылқыбаева.
Білім басқармасының басшысы алдағы 7 жылда бір ауысымды оқыту жүйесіне көшу үшін мегополисте “жайлы мектеп” ұлттық жобасын қарқынды атқаруға ниетті. Сол іс аясында мегаполисте 37 100 орындық 22 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ 5570 орындық 11 нысан іске қосылады.
Оның ішінде бюджет есебінен 1500 орындық бір мектеп, 920 орындық 4 қосымша мектеп ғимаратын салу және 3150 орындық 6 жекеменшік мектеп ашу көзделген.