Былтыр Қазақстан егіс тұқымын импорттауға 60 млрд теңгеден астам қаражат шығындаған. Мәжілістегі Үкімет сағатында Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы.
«Республика көкөніс дақылдарының тұқымы бойынша 95%, ал жеміс көшеттері бойынша 80% импортқа тәуелді. Импорттаушы елдер географиясы – еуропалық елдер, Аустралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Украина да бар. Бұл ел бүкіл қиындықтарға қарамастан ауыл шаруашылығын барлық бағыттар бойынша барынша серпінді дамытып отыр», – деді депутат.
Комитет төрағасының мәліметі бойынша, былтыр сырттан тұқым импорттауға 136 млн доллар немесе 60 млрд теңгеден астам қаржы кеткен.
«Басқа сөзбен айтқанда, шет мемлекеттердің тұқым шаруашылығына белсенді қолдау көрсетіп, дамытып отырмыз. Былтыр Мемлекет басшысы Үкіметке тәжірибелік шаруашылықтар негізінде алғашқы тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде шара қабылдауды тапсырған еді. Алайда АШМ әлі күнге дейін тұқым өндіруге емес, оны импорттауға субсидия беру көзделген бұйрығын қайта қараған да жоқ. Ал, бұған не айтуға болады?! Үкіметке отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселесін қарауды және Президенттің тапсырмасын нық орындауды ұсынамыз», – деді Серік Егізбаев.