Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуінде АИТВ індетін жұқтырған науқастар анықталғаннан кейін орталық клиникалық аурухана басшылығына қандай шара қолданылғанын және медицина қызметкерлері неліктен әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатыр деген сауалға жауап берді деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Ерболат Досаев бүгінде тергеу жүріп жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, бекітілген ережеге сәйкес, қалалық ЖИТС орталығымен бірлесе жұмыс жүргізіліп, реанимация бөліміне түскен реципиенттер, медицина қызметкерлері және басқа да науқастар тексерілді.
“Осыдан кейін 13 маусым күні олар ережеге сәйкес Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді. 14 маусым таңертең қажетті кезектен тыс тексерулер белгіленді, жұмыс бүгінде жалғасуда. Кеше Денсаулық сақтау министрлігі аралық нәтижелерді жариялады. Біреуді жұмыстан босату үшін алдымен оның қайдан келгенін анықтау керек. Комиссия жұмысын аяқтаған бойда бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлайтын болады. Барлығын бақылауда ұстаймыз”, – деді әкім.
Кеше Денсаулық сақтау министрлігі Алматы ауруханасынан АИТВ жұқтырған үш науқаспен байланыста болған 593 адам тексеріліп жатқанын мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, Алматы орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.