Үкіметтің 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты “Ақ жол” фракциясы Үкіметтің есебін қолдамай, оған қарсы дауыс берді, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі.
Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, бірінші себеп – кірістердегі күмәнді жетістіктер. Үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр.
“Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ке және уақытша тартылған қаржының 13%-ке артуы жатыр. Өкінішке орай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі. Үкімет кез-келген мінбеден бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын мақтанып айтуда. Ал шын мәнінде жағдай мүлдем басқа. 2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл алдыңғы жылға қарағанда 24 пайызға артық. Кәсіпкерлерге 677 млрд теңгеге қосымша салық салынды, бұл алдыңғы жылдан 2,5 есе артық”, – дейді Азат Перуашев.
Депутаттың айтуынша, ең сорақысы – қарапайым табысы бар кәсіпорындар қысымға ұшырап, ал жөнсіз жоғары табысты секторлар “тиісуге болмайтын” болып қалуда.
“Банктерге түсетін салық салмағы – оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5-ақ процентке дейін құрайды. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі тек өскен болатын.
Олардың бюджетке қосқан үлесі өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласы үлесінен аз, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем. Ал банкир мен ұстаздың табыстарын салыстырып көріңіз”, – дейді Перуашев.
Депутат уақытша тартылған қаржының ұлғаюына тоқтала келе бұның шын мәнінде бюджет үшін табыс емес, қарыз екенін түсіну керек екенін сөз етті.
“Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ішкі өнім өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18 пайызға өсті. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 7 есе өсті. Қарызға байланысты шығындарының жүктемесі 9 есе өсті. “Ақ жол” фракциясы мұндай әдетті қолдауға әрине қарсымыз. Үкіметпен келіспеуіміздің екінші себебі – бюджетті жоспарлауға жауапсыздық.
2022 жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін соған 8 рет түзету енгізілген. Сонда да 162 млрд.теңгеге 2 түзету орындалмай қалды. Мұндай жауапсыздық – бюджеттік тәртіптің күйреуі деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай “жоспарлау” үшін жауапты менеджмент жұмыстан шығып кетер еді”, – дейді депутат.
Ал үшінші себеп – мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы. Оның айтуынша, былтырғы жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде мұнайлық емес тапшылық бекітілген 7 трлн теңгенің орнына 9,3 триллион теңгеге, яғни 25 процентке дейін ұлғайтылды.
“Бұл “бармақ басты, көз қысты” деп аталады. Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық емес тапшылық 5,1%-ке дейін төмендейді деп уәде берген болатын. Бірақ шын мәнінде ол керісінше, 2 есе өсті. Ал Парламентке оны қабылдап, сол арқылы заңдастыруды ұсынуда. Ақ жол фракциясы мұндай өтірікті өз мойына алғысы келмейді. Төртінші себеп – Ұлттық қорды талан-таражға салу. Үкімет Ұлттық қордан бөлінген қаражатты стратегиялық мақсаттардың орнына ағымдағы күн көріске – зейнетақы, әлеуметтік шығындарды төлеуге, тіпті несиеге жұмсауда.
Сонымен қатар, ашық ақпарат бойынша, былтырғы жылдың нәтижесінде Ұлттық қорды басқарудан 1 трлн 400 млрд тенге көлеміндегі рекордты зардап тіркелді. Годунова ханымның мәліметінше, мұндай тәсілдермен Ұлттық қордың болашағы өте күмәнді. “Ақ жол” фракциясы мұндай ысырапшылықты мақұлдауға әрине қарсы”, – деді ол.
Азат Перуашев бесінші себеп ретінде квазимемлекеттік сектордағы масылдық рөлін атады. Бұл сектор жиырма жыл бұрын мемлекеттік кірістерді тиімді басқару мен арттыру үшін құрылған.