Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық арасында тамақтан улану және жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін интернеттен тамақ тапсырыс бергенде ескеретін бірқатар ақыл-кеңес берді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
– тапсырыс бермес бұрын сайттан мына ақпаратты табыңыз: фирмалық атауы, орналасқан жері (тамақ дайындалатын стационарлық объектінің мекенжайы) және жұмыс режимі. Ұсынылатын тамақ өнімдері туралы ақпарат маңызды, ол да сайтта жариялануы тиіс.
– чекті (сатушының мекенжайымен) электронды поштаға немесе телефонға алғаныңызды нақтылау үшін төлемді жеке тұлғаларға аудармаңыз.
– тағамның атауы, жарамдылық мерзімі және қаптамадағы құрамы көрсетілген бе, жоқ па – соған назар аударыңыз. Сондай-ақ өнімнің салмағы (көлемі) мен оның тағамдық құндылығына мән берген жөн. Өнімде дайындалған күні мен сағаты, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары, тамақ өнімдерін дайындаушының атауы және орналасқан жері немесе тамақ өнімдерін дайындаушы жеке кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты және орналасқан жері, тапсырыс берушіге дайындау бойынша ұсынымдар (қажет болған жағдайда) көрсетілуі тиіс.
– интернет арқылы алдырған тамақты тұтынар алдында қаптаманың ашылмағанына көз жеткізіп, көзге көрініп тұрған бүліну бар-жоғын тексеріңіз. Тамақтанар алдында қолыңызды жуыңыз.
– азық-түлік өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз, мерзімі өткен заттарды тастаңыз.
– күмәнді сайттар арқылы кездейсоқ адамдардан үйде дайындалған өнімдерді, торт сатып алмаңыз.
«Азық-түлікті дұрыс дайындамау немесе тамақты дұрыс сақтамау арқылы берілетін 200-ден астам ауру бар. Кез келген тамақтан уланудың тікелей себептері – санитарлық нормаларды сақтамау немесе құрамында патогендер мен улы зат бар тағамдарды жеу. Бұл аурулар жаппай жұғып, сондай-ақ жеке жағдайларда да пайда болуы мүмкін. Тамақтан улану кенеттен басталады, адамның жағдайы тез нашарлайды. Улану көбіне құрамында зиянды зат бар тағамды тұтынғанда болады. Улану белгілері болған кезде алдымен асқазанды шаю керек. Дереу дәрігер көмегіне жүгініп, ешқандай жағдайда өзіңді-өзің емдемеген жөн. Өйткені бұл сіздің өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін» деп ескертеді санитар дәрігерлер.