Макс Клейменко есімді украиндық блогер желідегі парақшасында ең еңбекқор және ең жалқау халықтардың тізімін жариялады деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Украиндық блогердің айтуынша Азиядағы ең аз аптасына 36 сағат жұмыс істейтін ел Қазақстан. Ал ең көп аптасына 49 сағат жұмыс істейтін ел Бангладеш Сонда бір аптада 36 сағат жұмыс істейтін қазақстандықтар Азиядағы ең еріншек халық деп танылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері бұл дерекпен келіспейді.
“Еңбек кодексінде бекітілген жұмыс аптасының қалыпты ұзақтығы бізде 40 сағат. Зиянды және қауіпті жұмыстарды қызмет ететін кейбір салалардағы азаматтар ғана 36 сағаттық жұмыс аптасы белгіленген. 1-2 топтағы мүгедектерге қысқартылған жұмыс аптасы және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге де қысқартылған жұмыс аптасы қарастырылған”, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің басқарма басшысы Шалқар Оразбеков.
Деректерге сай Ұлыбритания, Германия елдері секілді дамыған мемлекеттердің азаматтары аптасына небәрі 33 сағат жұмыс істейді. АҚШ-та бұл көрсеткіш 34 сағат. Әлемдегі ең ұзақ жұмыс істейтін елдер Африкада. Мысалы Мысырда жұмыс аптасына 53 сағат. Соған қарамастан бұлар дамыған емес, дамушы мемлекеттер қатарында. Демек мамандардың еңбектің ұзақтығынан көрі өнімділігі маңызды деген сөзі рас.