Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казино түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Ойынға қатысу үшін сайтта жарияланған Telegram арнасындағы сілтемеде жарна төлейсің.
Төлем картшоттарға және электронды әмиянға жіберілген, оны толтырғаннан кейін ойынға қатысу үшін логин мен пароль жасалады.
Бәс тігу мен ұтыс төлеу шетелдік тұлғалардың картшоттары арқылы жүзеге асқан.
Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларының аумағында тінту жүргізіліп, оның барысында заттай айғақтар – ойын бағдарламалары бар ноутбуктер, шетелдік тұлғалар мен Қазақстан азаматтарына берілген банк қосымшасы бар телефондар алынды.
Бүкіл жылжымалы және жылжымайтын мүлікке жалпы сомасы 167 млн теңгеге тыйым салынды.
Ұйымдастырушылар мен қатысы бар тұлғаларға тиесілі екінші деңгейлі банктердегі барлық шоттарға тыйым салынды.
Онлайн құмар ойындары тәулік бойы жүргізіліп, күнделікті айналымы – шамамен 800 000 теңге болған.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған картшоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар 2 ай қамауда отырады.