Төлқұжаттың беріктігі бойынша рейтингте Қазақстан 53-ші орынға тұрақтады – оған БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет кірген, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы.
Рейтинг passportindex.org сайтында жарияланған. Нәтижеге сәйкес, қазақстандық төлқұжаты бар азаматтар 39 елге визасыз бара алады, тағы 52 елде визаны келген кезде ала алады, ал 107 елде қазақстандықтарға виза қажет болады.
Сондай-ақ 53-орында Қазақстан Республикасымен бірге шағын Науру мемлекеті тұр.
Әлемдегі ең мықты төлқұжат БАӘ азаматтарында. Олар 125 елге визасыз режимде барса, тағы 55 елге барған соң виза ала алады, тек 18 ел ғана виза талап етеді.
Ең әлсіз төлқұжат – Ауғанстанда. Бұл елдің азаматтары әлемнің 5 елінде ғана визасыз жүре алады.
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан төлқұжаты Украина, Ресей, Молдова және Беларусь паспорттарынан төмен, бірақ Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан паспорттарынан мықтырақ.
Сонымен қатар Finprom мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға 7,7 мың адам келген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 87 пайызға артық. Оның ішінде Қазақстан қалаларына 5,5 мың адам келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 2,2 есеге көп, ал ауылдарға 2,2 мың адам келген, ол бір жыл бұрынғыдан 33,3 пайызға көп.