Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов “ҚазМұнайГаз” АҚ басқарма төрағасы орынбасарының есебін сынға алды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Сіз баяндамаңызда бірқатар мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтатылғанын атап өттіңіз. Олардың кейбіреуі әлдеқашан жұмысын қалпына келтірген. Сіздің ақпаратыңыз ескірген”, – деп жауап берді премьер-министр Хасан Дәулетжановтың есебіне қатысты.
Сондай-ақ отырыста Әлихан Смайылов қазір Қазақстанда отын қоры жеткілікті екенін атап өтті.
“Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда.
Кінәлілер жауапқа тартылады. Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету”, – дейді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар премьер-пинистр Маңғыстау облысының әкімдігіне энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды, Энергетика министрлігіне “KEGOC” компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, Энергетика министрлігіне ІІМ және БҚА-мен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюды тапсырды.