“Zam-zam Qazaqstan” компаниясының басшысы Данияр Илиев діни басқарма 2023 жылы қажылық жұмыстарын ұйымдастыруға қабілетті деп таныған туристік компаниялар квота алу үшін мүфтиятқа пара берді деп мәлімдеді, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы 31 арнаға сілтеме жасап.
“Zam-zam Qazaqstan” туристік агенттігі қажылық барған жүздеген қазақстандыққа жалған виза жасады деген күдікке ілінді. Әр адамнан 3 миллион теңге жинаған компания Сауд Арабиясына мұсылмандық парызын өтеуге барғандарды далаға сенделдіп жіберген. Кесірінен жергілікті тәртіп сақшылары Меккеге бара жатқан қазақстандық азаматтарды тексерістің астына алып, бір жарым күн бойы автобустан шығармай ұстаған.
Қажылыққа барғандардың алды елге оралып жатыр. Солардың бірі Баян Сейітжанқызының ата-анасы.
“Бұл компания туралы жарнамадан білген жоқпын. Мен Индира Илиева ханымды танитын едім. Екеуміз бір курста бірге оқығанбыз. Ол кісі компания директорының жұбайы. Сол кісіден турды алған болатынмын. Екеуміз жақсы мәміледе болдық. Оған деген ешқандай күдігім болған жоқ. Толықтай сендім. Солл себепті екі жолдама алып, әке-шешеме сыйлық ретінде тарту еткен болатынмын. Оларды Меккеге апару менің арманым болатын”, – дейді ол.
Айтуынша, 2 миллион 590 мың теңгеден ата-анасына екі тур алған. Жалпы құны – 5 миллион.
“21 маусым күні таңғы сағат 5-те олар сапарға аттанды. Меккеге 23-і күні жетті. Оларды қонақүйге жайғастырып, екі күн бойы Умрасын орындады. Қажылыққа 26-сы күні Сауд Арабиясының уақытымен таңғы сағат 11-лер шамасында Мина жазығына жолға шыққан. Сол жерде екі автобус толы адамды Сауыд Арабиясының тәртіп сақшылары ұстап алған. Сөйтіп олардың заңсыз келгендігі анықталып, қамауға алынады. Сол мезетте ол кісілермен бірге келген гидтер, компания басшысы Илиева Индира ханым қашып кетеді. Олардың қайда кеткені белгісіз. Барлығын тастап тайып тұрған”, – дейді ол.
Айтуынша, бұдан кейін бәрі Данияр мен Индираға хабарласып, оларды 6 сағат бойы күткен.
“Олар “күтіңіздер, күтіңіздер” дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды. Сөйтіп ертесі күнге дейін сол жерде отырады. Бір тәулік бойы автобустың ішінде отырған. Оларға тамақ та бермеген. Тіпті әжетханаға шығармаған. Сауд Арабиясының заңын бұзып тұрғаннан кейін, оларға қатаң түрде қараған. Қуанышқа орай, біздің сол жақтағы елшіліктің араласуымен сол күні түстен кейін сағат 2-3-тер шамасында адамдар босатылады. Бірақ босатылған кейін 120 туристті бестен, оннан бөліп қой сияқты қылып Мекке қаласының сыртындағы Жидда деген қалаға алып барып, әр жерде қалдырып кеткен. Олардың ешқайсысы арабша білмейді. Ешқайсысы ағылшынша білмейді. Оның үстіне үлкен қажылыққа жас адамдар емес, үлкен кісілер барады ғой. Менің естуім бойынша, алды 84 жаста екен.
Сол кісі Меккенің ішінде адасып, табаны тілінгенше жүріпті. Адамарды бөліп-бөліп жан-жаққа апарып тастаған кезде анам 5-6 әйел адаммен бір мешітті тауып паналаған. Ал әкем ізім-ғайым жоқ. Сол күні таппай, ертесі күні мен Данияр мырзаны тауып алып, “әкем қайда?” деп сұрағанымда ол кісі жауап бере алған жоқ. Бір жарым сағат бойы гидтарыңызға, таныстарыңызға хабарласып тауып беріңіз деп талап еттік. Ол болса өзімді боқтап, қашып кетті. Тағы да өзіміздің құқық қорғау органдарымен байланыстық. Ертесі таңғы сағат 7-де муфтияттан хабарласып. әкемнің табылғанын айтты. Ол кісі Qazaq Travel компаниясы арқылы барғандарды тауып алып, сол жақтағы қазақтармен жүрген екен”, – дейді Баян Сейітжанқызы.
Сөзінше, Данияр Илиевке хабарласқанында “бізді күтіп алған туристік компания жүруге рұқсаты жоқ автобустарды беріпті” деген.
“Олай болса, автобусты ауыстырғанша күтейік дедік. Одан кейін маған хабарласпаңыздар, мен мәселені шешіп жатырмын, маған кедергі келдіресіздер деп айтты. Кейін телефонын да алмай, әлеуметтік желілерге де жазғанды оқымайтын болды. Ертесі өзіміздің құқық қорғау органдары хабарласып, олар сол жақтағылармен байланысып, елшіліктің адамдарын жіберіп жатып әрең таптық”, – дейді ол.
Кейін студияға “Zam-zam Qazaqstan” компаниясының басышысы Данияр Илиев келді. Ол өздерінің жалған виза жасағандарын жоққа шығарып отыр.
“Біз ешқандай да жалған виза жасамаймыз. Визаны жасайтын адамдар бар. Біз бұл визаны муфтияттың адамдарынан алдық. Біз екі визамен кірген болатынбыз. Оның біреуі тур виза. Екіншісі – қажылық виза. Ол жерде бір жағдай болды. Муфтияттың бір қызметкері келіп, қажыларды бармаңдар деп қорқытып, артынан полиция жіберген. Полицияға біздің автобустардың нөмірлерін берген. Оларды жолда тоқтатып, мәселені шешуге тырыспай жатып визасы жоқ деп алып кеткен. Біздің гидтеріміз қажылардың көптігіне байланысты олардың бір бөлігін орналастырып болғаннан кейін ғана барады. Бірақ ол уақытқа дейін бір тәулік өтіп кетеді. Олар түсінбегендіктен басқа түсінетін адамдарды шақырады. Олардың келуіне де біраз уақыт кетеді. Осы сәтте қажылар автобустан шығармаған. Солайша не тамақ бермей, не әжетхана бармай әбден қиналған. Бізге 304 виза берілді, 304 адам аттанды. Егер жалған виза болғанда оларды алып кететін еді. Жібере салмайтын еді. Бірақ соны дәлелдеп, анық-қанығына жету үшін өте көп уақыт кетіп қалды. Сол себепті қажылар өте қиналып қалды”, – дейді ол.
Қазақстан діни басқармасы осы жылы қажыларға 4000 квота бөлген. Қажылыққа апаратын 18 тур агенттіктің ішінде “Zam-zam Qazaqstan” жоқ.
“Бұл жерде басқа компаниялар да көп. Олар тур визаны осы тізімде көрсетілген компаниялардың біреуінен алады. Бізге қай компаниялар бергенін мен білмеймін. Ол жерде лицензия бір ғой”, – дейді Данияр Илиев.
Ал “Атлас Туризм” компаниясының басшысы Нұркен Нұрымбетов бұны жоққа шығарып отыр.
“Жоқ біз квотаны алғаннан кейін бөліске салмаймыз. Муфтияттың берген тізімі бойынша әр компания өзі апарады. Қажылар муфтиятқа аттанбай тұрып визалар осы жерден беріледі. Авиакомпаниялар Қазақстаннан ұшып бара жатқанда қатаң түрде берілген визаларды тексереді. Өйткені, олар тексермесе үлкен айыппұл салынады. 16 мауыснан бастап мен әуежайда болдым. “Zam-zam Qazaqstan” компаниясының өкілдері туристік визамен Мекке, Мединаға емес, Дамам не Эр-Риядқа ұшқан. Мен авиакомпания өкілдері мен басқалардан сұрадым. Бәрі қайда ұшып бара жатқанын білеміз деп айтты. Қажыларға да туристік визамен кетіп бара жатқандарын айттым. “Біз қажылық мақсатпен кетіп бара жатқан жоқпыз. Біз білеміз” деді”, – дейді Нұркен Нұрымбетов.
Данияр Илиевтің айтуынша, оларға муфтият 2020 жылдан бастап кедергі жасап отыр.
“Біз алғашқы болып пандемия кезінде 140 қажы апарған кезден бастап кедергі келтіріп жатыр. Оның себебін мен сосын білдім. Пандемия кезінде көптеген компаниялар шығынға ұшырап кетеді. Сол үшін қажылық маусымы ашылып тұрса да оны ашпайды. Мен ол кезде оны білмеймін. Бұл салаға бірінші рет келгенмін. Өзіміздің жүйемізді ашып, тур пакеттерімізді сатылымға шығардық. Бұл жерде бәрі алаяқтар.
Муфтияттың бір адамы барып, провакация жасаған. Ол адамды мен өзім танымаймын, бірақ маған видеолар кеп жатыр. Оның тәртіп сақшыларын алып келгені және басқа да әрекеттер жасағанын айтты. Менің әйелім ешқайда қашқан жоқ. Қажыларды полиция алып кеткен кезде аудармашымен сол жерге барды”, – дейді ол.
Сарапшылардың “не себепті муфтият сізді аяқтап шалып отыр, неге 18 компанияның арасына кірмедіңіздер” деген сұрағынан Данияр Илиева “Себебі, муфтиятта жемқорлық бар” деп жауап берді.
“18 компания қажылыққа квотаны жеңіп алды. Бұлар алдымен діни басқармаға пара береді. Бұл жерде бүкіл діни басқарманы айтып жатқан жоқпын. Бұл тек қажылық бөлімге қатысты. Имамдардың, ұстаздардың, білікті ғалымдардың еш қатысы жоқ”, – деп жауап берді Данияр Илиев.
Сарапшы “егер сіз жақсы ақша бергеніңізде 18- дің ішінде болар ма едіңіз” деп сұрақ қойды.
“Әр квотаға 500 доллар береді. Мен бұны компаниялармен сөйлескен соң айтып отырмын. Бұлар 2018 жылы 70 доллар беріп алған. Бұны басшымыз Мәулен ағадан естідім. Сонымен қатар Qazaq Travel басшысының да “мен бұл жемқорлардан шаршадым” деп айтқан жазбалары бар. Бұл компаниялар пара бермейміз деп жатса онда қалай конкурсты ұтып алды соған жауап берсін. Zam-Zam Company компаниясы Аята лицензиясы болмағаны үшін өтпеді деген қорытынды шығарады. Ал өткен 18 компанияда Аята лицензиясы жоқ екенін біз білеміз. Мені бұның барлығын жазбалармен, видео жазбалармен дәлелдей аламын. Қажылықты орындау үшін жеткілікті сома болу керек. Мысалы, 340 квота алатын болса, әр квотаға берілетін 5000 мың доллар қаражат, яғни әр квотаның ақшасы болуы керек. Бірде бір компанияда ондай сомадағы ақша жоқ екенін бәріміз білеміз. Соған қарамастан қалай ұтып алды деген сұрақ туындайды”, – деп жауап берді ол.
Аталған жайтқа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасаған.
“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін “Zam-Zam Qazaqstan”компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жасаған болатын. Сонымен қатар муфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген болатын”, – делінген муфтият хабарламасында.