Түркияның астанасы Анкарада «Абылай хан мен батырлар» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Танымал жазушы, ақын және драматург Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған еңбегінің тұсаукесері Қазақстан Елшілігі мен Түріксойдың ұйымдастыруымен болып өтті, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы Түркия Радио Телевизия порталына сілтеме жасап.
Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, іс-шараға халықаралық Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, жазушы Баянғали Әлімжанов, зиялы қауым мен диаспора өкілдері қатысты.
Еркебұлан Сәпиев пен жазушы Баянғали Әлімжанов Түріксойдың 30-жылдығына арналған медальмен марапатталды.
«Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бас хатшы Сұлтан Раев жазушы Баянғали Әлімжановтың Қазақстанда жалғыз манасшы ретінде түркі әлемінде сіңірген еңбегі мол екенін атап көрсетті. «Қазақта «Манасқа» ерекше қызмет еткен үш тұлға бар. Біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Мұқтар Әуезов, үшіншісі – Баянғали аға» деді Раев. Түріксой басшысы Абылай хан туралы көп еңбек жазылғанын, бірақ жазушының Түркияда түрік тілінде бірінші рет Абылай туралы кітабының жарияланғанын айтты», – деп жазады түркиялық басылым.
Ол бұл туынды бүкіл nүркі әлемінің Абылай ханды жақынырақ тануында себепкер болатынына сенім білдірді.