Желіде баланың аузын және қолдарын айқастырып матамен байлап, көшеде ертіп жүрген бейнежазба тарады деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Оқиға Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында болған.
Баланы қорлаған әйелдің әрекеті желі қолданушыларының шамына тиді. Олар қаскөйді тауып, оны жазалауды сұрайды. Әйел адам қыз баланың қолын айқастырып байлап, аузын матамен жапты да, жетектеп, көшенің бұрышына алып кеткен. Ол қызды белгісіз аймаққа алып бара жатқаны көрінеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысындағы Қарғалы кентінде әйел адамның қыздың аузын байлап, кейін баланы қаңырап бос қалған ғимараттың аумағына күштеп алып кеткен видеоға қатысты пікір білдірді.
“Қыз бала табылды. Видеодағы әйел көршісі болып шықты. Қыздың анасы көрші әйел баланы қараусыз қалған ғимараттың аумағына апарып, алақанымен бетінен ұрғанын айтты. Бұл туралы анасына айтып барсын деген. Анасының сөзінше, бұның себебі олардың ақшалай қарызы болуы мүмкін. Көрші әйел ауылдан кетіп қалған, оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламен мектеп психологы жұмыс істейтін болады“, – дейді ол.