Оқу жылының басталуына дейін 35 мектепті жөндеп үлгермеуі мүмкін. Бұл Алматы, Абай, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының мектептері, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір еліміздің 250 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 90-ы “Ауыл ел бесігі” бағдарламасы бойынша. Сондай-ақ 506 мектеп жаңартылды. Оның 107-сі ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтады.
“185 орта білім беру ұйымдарында жиһаз жаңартылды, 201 мектеп кітапханасы мен 119 мектеп асханасы жаңартылды. 261 мектепте турникеттер, бейнебақылау жүйесі, дабыл түймелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Алайда бірқатар өңірлерде төмен динамика байқалады. Бұл Алматы, Атырау және Түркістан облыстары”, – делінген хабарламада.
Биылғы жылы ел мектептерінде кемінде 1000 заманауи робототехника, химия, биология, физика, STEM кабинеттерін ашу жоспарланды. Білім басқармаларының мәліметінше, қазірдің өзінде 307 кабинет ашылған, сондай-ақ 248 кабинетке арналған жабдық келіп түсуде. 1235 кабинет бойынша конкурстық рәсімдер өткізіледі.
“Бұл бағыттағы көрсеткіштердің төмендігі Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады. Кеңес барысында аталған өңірлерге пәндік кабинеттерді ашу бойынша жұмысты уақытылы және сапалы аяқтау тапсырылды”, – деп толықтырды комитет.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі міндеттерінің бірі мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету болып қала береді. Бүгінгі таңда 14 аймақ баспалармен 100% келісімшарт жасады.