Бүгіннен бастап Үлкен Алматы айналма автожолы ақылы түрде жұмысын жалғастырады. Бұдан бөлек кей көліктер үшін бір ай және бір жылға абонемент сатып алу қарастырылған, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
21 шілдеден бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының Үлкен Алматы айналма жолы» учаскесін ақылы негізде пайдалану туралы» бұйрығы күшіне енді.
Айта кетейік, Қарасай, Талғар және Іле аудандарынан өтетіндіктен осы өңірлердің көлік жүргізушілеріне жеңілдіктер қарастырылған.
Яғни, аталған аудандардың жүргізушілерінде бір айға немесе бір жылға абонемент алуға мүмкіндіктері бар.
Осы ретте аталмыш аудандардың әкімшілік ғимараттарында арнайы орындар бөлінген. Мысалы Қарасай ауданында осындай қызмет Райымбек пен Елтай ауылдық округтерінде көрсетіледі. Бұл жерде қарасайлықтар мамандардан сұрақтарына жауап алып, абонемент сатып алады.
Мұндай абонемент тек аталмыш аудандарда тіркелген автокөліктерге ғана беріледі.
Ай сайынғы жазылым құны:
- жеңіл автокөліктер үшін: бір айға – 0,5 АЕК (1725 теңге), бір жылға – 5 АЕК (17 250 теңге);
- 16 орындық автобустарға және жүк көтерімділігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне: бір айға – 0,6 АЕК (2070 теңге), бір жылға – 6 АЕК (20 700 мың теңге);
- 32 орындық автобустарға және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне: бір айға – 1 АЕК (3 450 теңге), бір жылға – 10 АЕК (34 500 теңге);
- 32 орындық автобустар мен автопоездың сыйымдылығы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін: бір айға – 1,5 АЕК (5175 теңге), бір жылға – 15 АЕК (51 750 теңге);
- жүк көтерімділігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін: бір айға – 2 АЕК (6 900 теңге), бір жылға – 20 АЕК (69 000 теңге);
- жүк көтерiмдiлiгi 15 тонна және одан да көп жүк автомобильдерi үшiн, оның iшiнде тiркемелерi бар, жүк көтергiш тракторлары: айға – 2,5 АЕК (8 625 теңге), жылына – 25 АЕК (86 250 теңге).
Еске салсақ, жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция сияқты мекемелердің және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атына тіркелген көліктер тегін жүреді.
Өзге облыстар, қалалар мен аудандарда тіркелген көлік иелері әр сағатына төлейді. Олар төлемді «Kaspi Bank», «Halyk Bank» және «Банк ЦентрКредит» арқылы жасай алады.
«БАКАД Инвестиция және Операциясы» ЖШС-нің интеллектуалды жүйе инженері Андрей Осиповтің айтуынша, абонемент көліктің мемлекеттік нөміріне тіркеледі. Егер иесі темір тұлпарын сатып жіберсе немесе оның нөмірін ауыстырса, берілген абонемент жарамдылық күшін жояды.