Қостанай облысында бұрын әшкереленген қылмыстық топтың 2022 жылдан қазірге дейін ет сату бойынша ойдан шығарылған мәмілелер арқылы бюджет қаражатын жымқырған әрекеттеріне қатысты тергеу жалғасуда. Ұрлықтың сомасы 1,6 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдасқан топты ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарды, оның құрамына қарамағындағылар, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен лауазымды тұлғалар кірді.
Қылмыстық схема шаруа қожалықтарының қайта өңдеу зауытына жоқ өнімдерді, сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген субсидиялар алған артық салмағы бар өнімдерді жеткізуден тұрды.
«Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттеріне қатысы бар 50-ден астам шаруа қожалықтары анықталды. Бүгінгі таңда алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және басқару фактілері бойынша он жеті қылмыстық іс тіркелді. Топ мүшелерінің банк ұяшықтарында және есепшоттарында шетел және ұлттық валютадағы жалпы сомасы 3 млн астам АҚШ доллары бар екені анықталды. Алдын ала тергеу барысында қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгеден астам қаржыны өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарған», – делінген хабарламада.
Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.