Түркістан қалалық соты “Азаптау” және “Заңсыз ұстау” баптарымен айыпталған алты полицейді түрме жазасына кесті. Полиция қызметкерлері екі тұрғынды “қой ұрлығына айыптап”, “қылмысты мойындарына алу үшін азаптаған” деп сотқа тартылған еді. Сот үкім шығарған сәтте залда шу шығып, судья мен прокурор залдан қашуға мәжбүр болды, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Судья Абай Бекботаев “Азаптау” және “Заңсыз ұстау” бабымен айыпталған полицейлер Бекзат Құдайқұл мен Азамат Мейірманды; “Азаптау” бабымен айыпталған Ерсейіт Еденов және Бексұлтан Өсербай 4 жылға соттады. Түрмеден шыққан соң да 3 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды.
Еске салсақ, Сауран аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкерлері “екі қой ұрлады” деген күдікпен былтыр ақпан айында 2 азаматты ұстаған.
Кейін оларды полиция ғимаратына жеткізіп, ұрып-соғыпты. Олар тергеу барысында күдіктілерді “скотчпен” байлап, целлофан пакет кигізіп, тұншықтырған деген айыптар тағылды. Бірақ бұған полиция туыстары келіспейді.
Одан бөлек, сотталушылар жәбірленушінің біріне 2 жарым миллион, екіншісіне 3 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Сот үкімін тыңдауға жүзден аса адам жиналды. Сот залына сыймағандар сыртта қалды, тағы ондаған адам сот кабинетінің терезесінен қарап тұрды. Жиналғандар мен сотталушылар үкімді үнсіз тыңдады. Судья “дәлелдемелерге күмәнмен қарауға негіз жоқ” дегенде залда шу шықты.
Үкім оқылғанда тіпті біреуі өзі отырған қоршаудың әйнегін сындырып, сыртқа секіріп түскен.