2023 жылдың шілдесінде Атырау МӨЗ ірі мұнай өңдеу зауыттарының арасында бірінші болып К5 экологиялық класты АИ-92 маркалы автобензин (Еуро-5 аналогы) шығаруға кірісті, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Қоршаған ортаға шығарындыларды азайту саясаты шеңберінде “АМӨЗ” ЖШС К5 экологиялық класты автобензин өндірісіне көшті. Отынның бұл түрінің басты артықшылығы – күкірт қосылыстарының құрамын К4 класымен салыстырғанда 5 есе азайту. Сондай-ақ, К5 класындағы бензинде хош иісті көмірсутектер (бензол) мен қоспалардың мөлшері шектеледі.
К5 класты отынды пайдаланған кезде улы заттардың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерді, соның ішінде тыныс алу жолдарының тітіркенуі мен ауруларын, қабыну процестерін, жүйке және жүрек-тамыр жүйелеріне теріс әсерді азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, K5 класты бензинді пайдалану автомобильдің жұмысына оң әсер етеді”, – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
К5 стандартындағы бензин өндірісі кәсіпорынды үш сатылы жаңғырту кезеңінде жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосу есебінен мүмкін болды. АИ-92-К5 автобензин өндірісінің орташа тәуліктік көлемі 5,5 мың тоннаны құрайды.