Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтеріп жүрген кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мырзиевтің төрағалығымен ӘМАТ-қа баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Комиссия өңірге әлеуметтік маңызы бар тауарларды әкелетін көтерме тасымалдаушылар арасында заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша талдамалық жұмыс жүргізу қорытындыларын қарады.
“А” ЖК “Б” ЖК-ден көкөністерді (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат), қантты, қарақұмықты, тұзды төмендетілген бағамен сатып алып, “Ю” ЖШС-ні екі есе қымбат сатқаны анықталды. Осыған байланысты мамандар қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес шаралар қабылдады.
Айта кетейік, бүгінгі күні комиссияның жүйелі жұмысының нәтижесінде азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтеретін тоғыз кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар қант өнімдеріне 41% үстеме бағаны қосты, ал қарақұмық екі есе қымбат сатылды, сату үлкен көлемде жүргізілді.
Комиссия мүшелерінің шешімімен Атырау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бағаны тұрақтандыру бойынша одан әрі жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
Анықтама үшін: “Сауда қызметін реттеу туралы” ҚР Заңының 9-бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-дан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшері белгіленеді.