Қазақстанда Астанаға көші-қон ағынын реттеуге мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер дайындалуда. Мұндай шешімді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек министрі Тамара Дүйсенова қолдады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Оның пікірінше, қазіргі уақытта бұл дұрыс шешім, өйткені елорданың әлеуметтік инфрақұрылымы, оның ішінде мектептер, емханалар дайын емес. Қалада бұл үшін мүмкіндіктер болған кезде халық санын көбейтуге болады.
“Бүгінгі таңда жалпы инфрақұрылымды ескере отырып, мен бұл шешімді дұрыс деп санаймын. Мысалы, бір үйде 5-6 отбасы тұра алады, бұл нашар әлеуметтік жағдай. Елордалық емханалар мен мектептер осындай азаматтарды қабылдай ала ма, жоқ па, соны ойластыру керек”, – деді Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметі отырысының аясында.
Ол, егер ЖОО мен жұмыс берушілер оларды тұру жағдайымен қамтамасыз ететін болса, оқуға, жұмысқа келушілерге шектеулер қолданылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, қысқа мерзімді демалуға, емделуге келгендерге ешқандай шектеулер болмайды.
Бұған дейін БАҚ-та елордаға көші-қон ағыны бөлігінде заңнамаға түзетулер енгізу бойынша талқылаулар жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің басшысы Асқарбек Ерсаев мәлімдеді.