Салық заңнамасына сәйкес лимузиндер қозғалтқыштың көлеміне байланысты салықтандырылады. Есептеу жүргізу барысында айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
Сондай-ақ, көлік салығының ставкасы бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен және ел аумағына әкелінген күніне байланысты.
2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын лимузиндерге мына ставкалармен салық салынады:
3 000-нан жоғары 4 000-ға дейін қоса алғанда-15 АЕК
4 000-нан жоғары-117 АЕК
2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасында өндірілген (дайындалған немесе жиналған) немесе 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын лимузиндерге мына ставкалармен салық салынады:
3 000-нан жоғары 3 200-ді қоса алғанда-35 АЕК
3 200-ден жоғары 3 500-ді қоса алғанда-46 АЕК
3 500-ден жоғары 4 000-ды қоса алғанда-66 АЕК
4 000-нан жоғары 5 000-ды қоса алғанда-130 АЕК
5 000-нан жоғары-200 АЕК
Лимузиндер бойынша көлік құралдарына салықты есептеу көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар ұсынатын мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Бұл норма 2011 жылдан бастап қолданылады.
Бұл ретте салықты қате есептеген жағдайда салық органы талап қою мерзімі (үш жыл) шегінде есептелген салық сомасын қайта қарауға құқылы.
Сонымен қатар, салық заңнамасына сәйкес, салық органы жеке тұлғалардан көлік құралдары салығының есептелген сомаларын қайта қараған кезде тиісті салық кезеңі үшін салық төлеу мерзімі басталғаннан кейін өсімпұл есептеу жүргізілмейді.