Ендігіде түрлі бизнес жобалардың көрмесі өтеді.Бұл туралы «Жасыл ынтымақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әлия Ахмадиева айтып берді деп хабарлайды облыстық өңірлік коммуникация қызметі.
Көрменің ерекшелігі шараға алыс ауыл-аймақтағы кәсіпкерлердің ат салысуы. Әсіресе, ұзын жол бойында тұрып, кәсібін дөңгелентіп отырғандар үшін бұл шараның пайдасы мол болмақ. Мәселен, ұсақ-түйектен бастап, жеке имидж қалыптастыру, өнімді өтімді етіп, көрсету, барлығы да осы көрмеде көрсетілетін болады. Ол үшін шараға өз ісінің шеберлері шақырылған. Сондай-ақ, жобаға өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, қолөнершілер кәсібін заңдастырғысы келетін азаматтар қатыса алады.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай Қазақстанда нарықтық экономикаға көшу процесі әлі күнге дейін кей нормалардан алыс. Әсіресе ұзын жол бойындағы жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызмет көрсетуі нашар. Сондықтан, біздің жоба алдымен сол кәсіпкерлерге көмек қолын созбақ», – деді Әлия Ахмедиева.
Алдағы уақытта кәсіпкерлерге заң аясында жұмыс істеуді үйрету көзделіп отыр. Себебі, кей азаматтар кәсіби сауатсыздықтың салдарынан кедергілерге жолығып жатады. Әзірге жоба 4 ауданнан қолдау тапқан. Жоба шілде айында Ескелді ауданынан бастау алады.