Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша 49 млрд теңгенің өнімі өндірілген, Сәйкесінше өсім 11,7% құраған.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 105,5 млрд теңгені құрайтын ірі жобалар жүзеге асуда. Көзделген нәтижеге қол жеткізілсе 1125 жұмыс орны құрылады.
«Алдағы уақытта қуаттылығы жылына 10 мың тонна “Оспанова Девелопмент” баррамунди балығын өсіру жөніндегі инновациялық кешенді құру, қуаттылығы жылына 70 мың тонна “IVI Kazakhstan” тез дайындалатын кеспе өндіру зауыты мен қуаты 2,0 мың тонна “Арна” жылыжайы салынады»,-деді Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы.
Жалпы, Қонаев қаласы инвестициялар тарту бойынша облыста 7,5% үлесімен 5-ші орынға ие. Жыл басынан бері 12,2 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады.
Алматы облысында барлығы 94,7 мың ШОБ субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 4,9 мыңы немесе 5,2% Қонаев қаласына тиесілі. Мұнда бүгінгі күні шағын және орта бизнес бағытында 13,2 мың адам жұмыспен қамтылған.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің аздығына қарамастан, қала үлесіне жұмыстар мен көрсетілген қызметтер көлемінің 34% – ы, сондай-ақ облыс бойынша бюджетке түсетін түсімдердің 52% – ы жатады.
Ағымдағы жылы Қонаев қаласының 17 бизнес субъектісіне бизнестің жол картасы аясында қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Жалпы сомасы 28,2 млн теңгенің грантын 46 адам иемденетін болады. Кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген қаржының 13,5 млн теңгесі игерілді, нәтижесінде 11 бизнес субъектісі грант алды.
Айта кетейік, Қонаевта қуаты жылына 98 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын “Маревен Фуд Тянь-Шань”, қуаты жылына 150 мың тонна құрылыс қоспаларын және 28 млн.ш. м. гипсокартон шығаратын “Кнауф ГипсҚапшағай” және , қуаты 364 МВт электр энергиясын өндіретін Қапшағай су электр станциясы сияқты жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істейді.