Еңбекшіқазақ ауданы, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ажархан Тапай жеке кәсіп ашу үшін 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды. 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Көпбалалы ана өткен жылдың қыркүйек айында халықты жұмыспен қамту орталығына барып, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша грант алу жолдарын қарастырып, жаңа идеясын жүзеге асыру мақсатында конкурсқа қатысты. Нәтижесінде жобасын оайдағыдай қорғап шығып, 583 мың теңге көлемінде грант иегері атанды.
“Маған грантты қалай алу керектігі, конкурсқа қалай түсу керектігі жайлы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері барлығын түсіндіріп берді. Біз Қытайда тұрған кезде, ағаш өңдеумен айналыстық. Сол уақытта домбыра, астау жасайтынбыз. Сондықтан, отбасымызбен келісіп, ағаш шеберханасын ашуға бел будық”, – деді ол.
Жалпы, Ажархан Қытайдан елге көшіп келген соң, үлкен отбасын асырау үшін түрлі салада жұмыс жасаған. Ал, ұтып алған қаражатына ағаш өңдейтін станоктар мен қажет құрал-жабдықтарды сатып алды. Бүгінде Сарыбұлақ ауылының тұрғындары Ажарханның отбасын жақсы біледі. Өйткені, бір жыл көлемінде Ажархан ағаш шеберханасын ашып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр.