Балқаш ауданы Алматы облысында күріш өндірі бойынша көшбастап тұрған аудан. Мұндағы жұрттың басты кәсібі де -күріш. Аудан үлесіне күріш өндірісінің 100%-ы тиесілі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Балқаш ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Өңірде 6,8 мың гектар немесе егістік алқаптың 23%-ын күріш алқабы құрайды. Алайда биылығы жылы 2014 жылмен салыстырғанда күріш алқабы 30%-ға төмендеген. Басты себеп — Іле өзеніңдегі су деңгейінің төмендеуі. Сәйкесінше, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға азайған.
Мамандар, топырақтың тұздануына байланысты дақылдардың өнімділігі 15%-дан 85%-ға дейін төмендеуі ықтимал дейді.
«Жалпы, аудандағы күріш өңдейтін ірі кәсіпорындар бар. Олар: қуаты жылына 14 мың тонна шикізат өндіретін «Тамшыбұлақ күріш зауыты» және қуаты 10,8 мың тонна болатын «АФ-ОТЕС күріш зауыты». Қос кәсіпорын маусымдық жұмыс атқарады, яғни егін жинау науқаны кезінде ғана жұмыс істейді»,- деді облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Жиын барысында, аудандағы күріш шаруашылығвның әлеуетін ескерген Марат Елеусізұлы, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, қарқынды технологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды, тиімді ауыспалы егіс есебінен күріш өңдеу зауыттарын қайта жүктеуді қамтамасыз етуді тапсырды.