Отырыста салық салу нормалары, оның ішінде салық салу мақсаттары үшін “роялти” ұғымын қолдану, энергия өндіруші ұйымдардың мүлік салығын салу объектісін айқындау бөлігінде, сондай-ақ ҚҚС есепке алу әдісімен төленетін тауарлардың жаңартылған тізбесін қолдану мерзімдері қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр барлық мүдделі тараптардың пікірін және әлеуметтік-экономикалық жағдайға ықтимал әсерін ескере отырып, алғашқы екі мәселені қосымша пысықтауды тапсырды.
Отырыста сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданы аумағында кальцийленген сода өндіру зауытын салу жобасы қаралды.
Оны іске асыру шамамен 140 млрд теңге инвестиция тартуға, 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға және жылына 300 мың тоннаға жуық өнім өндіру есебінен импортты алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министр зауытқа қажетті инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ инвесторларды тарту бөлігінде жобаны пысықтауды жалғастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Ақтауда 170 млрд теңге инвестиция тартуға, 4000-ға жуық тікелей және жанама жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ Маңғыстау облысына туристік ағынды 850 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін көпфункционалды қонақ үй-туристік кешен салу мәселелерін талқылады.
Үкімет басшысы жобаны іске асыруды жеделдетуді және басталған барлық объектілердің құрылысын аяқтау үшін “ҚДБ” АҚ бюджеттік кредит бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Отырысқа қатысушылар мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мәселесін де қарастырды.