Экономика саласында қалам тербейтін журналист Айбар Олжай өзінің Facebook парақшасында рубль девальвациясының Қазақстанға әсері туралы пікір білдірді.
Журналист «Ингосстрах-Инвестмент» мәліметітеріне сүйене отырып, алдағы жылдары рубльдің құлдырайтынын айтады.
“2023 – рубльдің тұрақтылығының соңғы жылы болуы тиіс. Себебі, Ресей ақшасының болашағын модельдеу оның 2024-2025 жылы девальвацияға ұшырайтынын көрсетіп отыр. «Ингосстрах-Инвестмент» 2024 жылға қарай бір доллардың құны 100 рубльден асады, ал 2025 жылы доллар 200 рубль тұратын болады деп болжайды. Ресейде осы «Ингосстрах» валюталық моделі басқаларға қарағанда анағұрлым дәлірек жұмыс істейді деп айтар едім, себебі олар 2014 жылдың аяғындағы рубльдің құнсыздануын да, 2022 жылғы оның кенеттен күшеюін де алдын-ала білген болатын”.
Сондай-ақ Айбар Олжайдың айтуынша, Ресей бюджетінің табысы 35%-ға төмендеп, жалпы шығыны 59%-ға артқан.
“Рубль құлдырауы мен Ресей экономикасының айтарлықтай әлсірейтінін нақты факторларға сүйеніп, сезіне аламыз. 2022 жылдың қортындысы бойынша Ресей бюджетінің табысы 35 пайызға төмендеген, ал шығыны керісінше 59 пайызға артқан. Ал биылғы бір айдағы бюджет дефициті 2 триллион рубльді құрап отыр. Бұл қазіргі курспен 11,5 триллион теңге. Сонда Ресейдің бір айдағы дефициті біздің бір жылдық бюджет дефицитінен 3 есе көп. Біздің жылдық дефицит 4 триллион теңге немесе 692 миллиард рубль деп бағаланады. Ресей осы дефицитті жабуды ірі бизнестің мойнына ілмек. Кәсіпорындар салықтан бөлек қомақты соманы бюджетке беруге міндеттелетін болады. Бұл бизнестің болашақ инвестицияға деген қаржысының жоғалып, өндірістің және іскерлік белсенділіктің біржолата құлдырайтынын білдіреді”.
“Рубль құлдыраса және Ресейден азық-түлік импорты арзандап, бізге келетін легі көбейсе, онда біздің инфляцияны дереу жеңіп кетуге мүмкіндік бар. Менің ойымша Ресейдің азық-түліктік импортына еш шектеу қоймау керек және өмір бойы жылай беретін, субсидия, масылдыққа үйреніп қалған кейбір отандық аграрийлердің «Ресей тағамдарына тиым салайық» деген жалаң ұрандарына құлақ асудың қажеті жоқ”.
Өз жазбасының соңында А.Олжай өткен жылдың төртінші тоқсанында теңгенің рубльге тәуелділігі азайып, мұнай мен Қытайдан келетін импульстерге де сезімтал бола түскенін жеткізеді.
2022 жылдың төртінші тоқсанында теңге мен рубль арасындағы паритетті байланыстың үзілу процессі толық аяқталды деуге болады. Биылдан бастап теңгенің өз өмірі бар, рубльдің өз өмірі бар. Теңге енді мұнай бағасына көбірек байланған. Және Қытайдан келетін импульстерге де сезімтал бола түсті.