Қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде айтылды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Министрлік жұмысының дін саласындағы негізгі стратегиялық бағыттары мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайтуға, үйлесімді мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды қамтамасыз етуге және Қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған. Осы стратегиялық бағыттар негізінде дін саласындағы жұмыс атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмысы, интернет-кеңістіктегі діни экстремизмге қарсы іс – қимылды насихаттау, сондай-ақ оңалту және дерадикализациялау негізінде іске асырылады”, – делінген ведомствоның жауабында.
Министрлік халықтың дінтану сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу және радикалды діни идеологияларға қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл жұмысты дін мәселелері бойынша 3028 адамнан тұратын 228 өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының күштері ұйымдастырды.
“2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңға жуық адамды қамтитын 17 500 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Радикалды діни ағымдардың идеологиясы негізінен интернет-ресурстар арқылы таралатыны белгілі. Министрлік интернет-кеңістікте діни экстремизмге қарсы насихаттау бойынша жұмыс жүргізуде. 2023 жылы радикалды бағыттағы 11 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып бұғатталды. Радикалды діни топтардан әлеуметтік желілер арқылы 14 мыңнан астам адам шығарылды”, – деп нақтылады ведомстводан.
АҚДМ деректері бойынша оңалту жұмысына деструктивті діни ағым идеологияларын насихаттауға қарсы тұра алатын және азаматтарды дәстүрлі ислам қағидаттары мен қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімдей алатын жоғары білікті теологтар мен психологтар, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресурстары жұмылдырылған. Жалпы, түсіндіру жұмыстарының нәтижелері бойынша діни экстремизм идеологиясын ұстанатын адамдар санының азаюы байқалады. Елде радикалды және экстремистік көзқарастар мен идеялардан бас тарту жағдайы қалыптасты.