Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау — ең маңызды міндеттердің бірі. Алайда, соңғы жылдардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының айтарлықтай деңгейде өсіп, халықтың қалтасы көтере алмайтынай деңгейге жеткен.
Қарпайым жағдай, базардан азық-түлік аларда сатушыға «неге қымбат?» деп сауал қойсаңыз «тасымал қымбат, жанармай ұшып тұр немесе делдалдар бағаны көтеріп жіберді» деген секілді уәжін айтады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуына байланысты баға көтерілді деген дайын жауап бере қояды. Ал халықтың жағдайын кім ойлап жатыр? Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Қалтаны қағып тастамаса да сәл үнем болсын деп жұрт базарды жағалайды.
Атап айтатын болсақ, жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасы 2018 жылы 5,1% – ға, 2019 жылы 6,6%-ға, 2020 жылы 11,3%-ға, 2021 жылы 5,3%-ға, 2022 жылы 19,7%-ға, 2023 жылың мамыр айына дейін 23,7%-ға қымбаттаған.
2019 жылы бір ғана қараша айында, EnergyProm сайтының хабарлауынша, бірінші сұрыпты ұн бағасы 4%-ке өскен. Сәйкесінше, өңірлердегі нан бағасы да айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, Ақтөбеде бір бөлке нан 7 теңгеге, Атырау мен Павлодарда 20 теңгеге қымбаттаған.
Алайда, сол жылғы қазан айының ортасында Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі астық пен ұн қорларының жағдайы тұрақты екенін, нан бағасы белгіленген деңгейде қалатынын айтқан. Бірақ, министрліктің бұл сөзін өңірлердегі жағдай жоққа шығарып тұр.
Одан бөлек, жұмыртқа бағасы 3,1%-ке, сүт өнімдері 3%-ке, қарақұмық жармасы – 8,6%, тары бағасы – 1,9%, арпа және жарма өнімдерінің бағасы- 1,5% және 1,2% өскен. Ал, сиыр етінің бағасы бірден 2,2%-ке көтерілсе, қой еті 1,2%-ке қымбаттаған. Ал бұл тек 2019 жылғы ғана жағдай. Дәл осындай жағдай 2023 жылдың қазіргі күніне дейін жалғасып келеді.
Аталған жылдар аралығында халықтың орташа жалақысы анағұрлым өсті деп айту қиын. Қазақстандықтар өз жалақыларының 53 % азық-түлікке жұмсайды. Бұған отандық экономистер мен әлемдік статистиканың зерттеулері дәлел. Соңғы зерттеу бойынша Қазақстан 39 елдің рейтингінде жалақысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайтын ел ретінде көш бастап тұр.
«Біздің алатын жалақымыз төмен, ал азық-түлік бағасы болса қымбат. Сондықтан, жалақымыздың көбін азық-түлік алуға жұмсаймыз. Күн көріс деңгейінен аспайды. Осыған билік көңіл бөліп, қымбатшылыққа қарсы тиімді шаралар қабылдаса екен деген ұсынысымды жеткізгім келеді.» дейді Қарасай ауданының тұрғыны Досбол Утегенов.
Әр аймақтағы бағаның әр түрлілігінен бөлек, бір ғана ауданның ішінде нақты бір бағаның бекітілмегенін байқай аламыз. Бір мысал ел карантинге жабылар уақытта халық базар аралап босып кетті. Арзан азық-түлік іздеп сауда орындарын жағалады. Осындай да алыпсатарлардың қолы жүріп дүкендерде тауар бағасы қымбаттағаны рас. Қайта төтенше жағдай режимі кезінде мемлекетіміз азық-түлік бағасының қымбаттауына және алыпсатарлыққа жол бермей ауыздықтады. Әлеуметтік маңызға ие тауарлардың шекті бөлшек бағалары бекітілді. Әкімдіктер тарапынан азық-түлік бағалары бақылауға алынып, тұрақтандыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізілді. Алайда бұл да ұзаққа бара қоймады. Пандемиядағы жағдай түзеле бастағанда, баяғы жартас сол жартас қалпына келіп, әркім өз бағасын қойып шыға келді.
Бағаның қымбаттауына байланысты осы саланың сарапшысы, сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков үш факторды атап көрсетті.
«Тексеріс кезінде көлеңкелі сауда деген түсінік еленбей қалады. Мамандардың мұны аса назарға ала бермеуі – мәселе. Көтерме және бөлшек сауда бағаларына қатысты жағдай көп жылдар бойы бақылаусыз қалып келеді. Бізде нарықтық экономика екенін естен шығармаған жөн. Екіншіден, нарықтардағы сауда барасындағы қосылатын пайызық үстемені ешкім бақыламайды. Осыған байланысты тұтынушы үшін бастапқы құнға әсер ететін баға барысында алыпсатарлар немесе делдалдар пайда болды. Үшіншіден, көптеген «үйдегі дүкендер» өнімнің бір бөлігін көтерме базарлар мен қоймалардан сатып алады, ал бағасы қымбат. Желілер негізінен ірі жеткізілімдерді өздері жасайды, форвардтық сатып алулар жасайды, ал бағасы арзан болуы мүмкін» деп атап өтті Айдар Әбілдабеков.
2018 жылдан бастап бағаның өсу факторларын сараласақ, 2019-2020 жылғы пандемея, 2021 жылғы жанар-жағармай бағасының өсуі, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, 2023 жылғы Украина мен Ресей арасындағы саяси ахуалдың нашарлауы себеп болған. 2021 жылғы көрсеткіш бойынша жан басына шаққандағы халықтың азық-түлік тауарларына ақшалай шығыстары 427 330 теңгені құраған. Бағалары аспандап тұрған өнімдер; нан, картоп, қияр, сынды көкөністер мен сүт өнімдері.
Инфляцияға тек саяси жағдайлар ғана емес, мерекелік уақыттар мен кәсіпкерлердің сатудағы қойған бағалары да әсер етеді. 2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі- 40,7%-ға өссе, 2023 жылғы көрсеткіш бойынша 41,8%- ға өскен.
«Сіздер нанның бағасын білесіздер ме? Бәлкім он-жиырма теңгеге қымбаттауы біреулер үшін білінбес. Бірақ нан кетсе, оған қосылып басқа да азық-түлік бағасы шарықтайды. Наурыз айының басында бір қап ұнның көтерме саудадағы бағасы 8500 теңге болған. Бүгін – 10700 теңге. Мына түрімен жыл соңына қарай 12-15 мыңға жетеді деп отыр базардағылар. Былтыр желтоқсанда бір қап ұн 6800 теңге шамасында болған. Өткенде үкіметте жанармай бағасының қымбаттауына байланысты да пікірлер айтылды ғой.Жаранмайдың ғана қымбаттауы бүкіл азық-түліктің бағасының аспандауына алып келсе, жағдайымыз не болмақ? »-, деп уәжін білдірді Қарасай ауданының тұрғыны Сәуле Мыңжасарқызы.
Жоғарыдағы статисикалық мәліметтерге қарап, «бізде азық-түлік тапшылығы бар ма?» деген орынды сауал туындайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың айтуынша, қазір ішкі нарықта азық-түлік тапшылығы жоқ. Оның айтуынша, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру жұмыстары негізінен екі механизм бойынша жүзеге асырылады – тұрақтандыру қорларына тікелей әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу және жеңілдетілген несие беру арқылы сауда орталықтарын қаржыландыру арқылы.
«Бірінші механизм бойынша министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы республика бойынша облыс әкімдіктерінің қорынан тұрақтандыру қорларының жұмысына бөлінген қаржы көлемі 76 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, 16,2 млрд теңгені қосымша үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы есептегенде, алдағы уақытта осы бағытта 92 млрд теңге бөлу көзделген. Бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорлары 635 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 130 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар» деді спикер.
Біз ғана емес, әлем елдерінде де баға бақылаудан шықты. Халықаралық валюта қоры жаһандағы азық-түлік құны әлі де 14,2 пайыз өседі деп болжады. Ұлыбританияда қазірдің өзі инфляция соңғы 40 жылдағы рекордтық деңгейге жеткен. Қазір Еуропа қалаларында қалта көтере алмаған құнға қарсылық жүріп жатыр. Мәселен, азаматтар Чехияда азық-түлікті, ал Финляндияда электр энергиясын үнемдеуге мәжбүр.
Қорыта айтқанда, қымбатшылық, ең алдымен қараша халықтың қалтасына салмақ салатыны анық. Сондықтан Мемлекет жыл сайын бағаның тұрақты болуын қадағалап, тұрғындарға бірінші кезекте қажетті тауарлардың қымбаттамауын қадағалап тұрса дейміз.