Енді 4%-дық автонесие бағдарламасына жоғары жалақы алатындар қатыса алмайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев автонесиелеу бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтты, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Оның айтуынша, алғашқы кезеңдегі автонесиеден айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алайда бірқатар толықтыру бар.
«Ең алдымен, біз жалақының шекті мөлшерін белгілейміз. Жалақысы шекті мөлшерден жоғары азаматтар бағдарламаға қатыса алмайды. Несиені төлей алатынын растау үшін азаматтарда кем дегенде 10-15 пайыз алғашқы жарна болуы керек деп есептейміз», – деді министр.
Сондай-ақ жеке көлігі бар азаматтар да жеңілдетілген автонесиеге қатыса алмайды.
Бағдарламаға әлі де толықтырулар енгізілуде. 15 мамыр күні нақты шешімі шықпақ.
«Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының бірінші кезеңіне қатысқан азаматтар қайта екінші кезеңге қатыса алмайды. Көлігі бар азаматтар да қатыспайды. Сондай-ақ осыған дейін несие алғандардың жалақысын зерттеп, зерделейтін боламыз», – деді Қарабаев.