Ресей Федерациясына салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына да әсер еткені және әлі де әсер ететіні сөзсіз. Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша солтүстік көршіміздің бюжет тапшылығы 3,3 трлн рубльге жетті. Осы орайда, kazbusiness.kz танымал экономикалық сарапшы, қаржыгер маман Мақсат Халықтан ресейлік рубльдің жағдайы мен оның Қазақстан экономикасына әсері туралып сұрап көрді.
Экономист биыл ресейлік рубльдің біршама әлсірейтінін топшылап отыр:
– Өткен жылы Ресей қанша санкцияға түсіп жатса да, рубль ең құнды валюта екенін көрсетуге тырысты. Бірақ қазір Ресей бюджетінде дефицит (кірістен шығын көп болуы – ред.) қатты артқанын көріп отырмыз. Нәтижесінде рубльді құнсыздандырмаса болмайтын фактор орын алып тұр. Енді алдағы уақытта Ресей билігі рубльді қолдан ұстап отыра алмайды, өйткені бюджетте үлкен тапшылық бар. Сондықтан мұндай қадамға баратыны түсінікті, – деп түсіндіреді М.Халық.
Сондай-ақ М.Халықтың айтуынша, рубльдің әлсіреп, теңгенің күшеюі Қазақстан экономикасына оң әсер ете қоймайды. Қайта ішкі нарықта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге үлкен соққы болуы мүмкін екенін айтады.
– Қазірдің өзінде рубль құнсызданып жатыр және теңге мен рубльдің паритетіне қарасақ, бұрыңғы бағаға қайтып қалды. Былтыр жазда 1 рубль 9 теңгеге дейін жеткен. Бүгінде 5-6 теңгеге оралып келе жатыр. Рубль құнсыздана беретін болса, алдағы уақытта теңге рубльге қатысты құнын тіпті арттыру мүмкін. Мұндай жағдай елімізге жақсы әсер етпейді. Өйткені 2014 жылы теңгеміз қатты күшейіп кеткен кезде біздің нарығымызды Ресейдің азық-түлік өнімдері басып қалған еді. Соның ішінде жұмыртқа, тауық еті сынды негізгі өнімдер солтүстік көршімізден қатты арзанға келіп, біздің компанияларды біраз шығынға ұшыратқан. Тіпті көпшілігі банкроттыққа жетейін деп қалды. Қазірдің өзінде қант мәселесінде осындай қауіптер бар. Қазір осы жағдай қайталанып, біздің теңгеміз рубльге қатысты күшейетін болса, онда ішкі нарыққа өте үлкен соққы болып тиюі мүмкін. Биыл осындай қауіптер күтіледі, – дейді қаржыгер.