Алматы облысының прокуратурасы Әлия Назарбаева мен Қайрат Сатыбалды заңсыз иемденген жалпы ауданы 2000 гектарға жуық жер учаскелерін мемлекетке қайтарды. Екі жағдайда да прокуратура шешіміне экс-президенттің туыстарына мемлекеттік жерлерді берудегі өрескел заңбұзушылықтары себеп болған. Ол қандай заңбұзушылықтар екенін kazbusiness.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап назарларыңызға ұсынады.
Әлия Назарбаеваның жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы сот шешімі өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған. Алайда, ол туралы жақында ғана белгілі болды.
Сот кезінде прокурор Берік Адамов 2014 жылы 445,94 га жер учаскесін сатып алу-сату туралы шартты жарамсыз деп тануды талап еткен. Ал «Жандану» шаруа қожалығының өкілі (Әлия Назарбаева атынан) сотқа келмеген де, келмеу себебін түсіндірмеген де. Сондықтан сот ісі екінші тараптың қатысуынсыз өтті.
2012 жылы Жамбыл ауданында екі жер учаскесі 49 жылға «Жандану» шаруа қожалығына жалға берілді. Біріншісі – 488,5 га, екіншісі – 14 га. Бір қызығы, кадастрлық істе оларды жалдау шарттары жоқ. Кейіннен бұл жерлер төрт бөлек учаскеге бөлінген. Олардың нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылығы.
Ал 2014 жылы Жамбыл ауданы әкімдігінің қаулысымен, айтылған жер учаскелері Әлия Назарбаеваға жеке меншікке берілді. Сол кезде ғана Жер қатынастары бөлімі мен «Жандану» ШҚ-сы сатып алу-сату шартын жасасты. Ал учаскелердің өзі біріктіріліп, олар бойынша бір мемлекеттік акт берілді. Осылайша, ҚР Тұңғыш президенті қызының меншігінде шаруа қожалығын жүргізуге арналған 445,94 га алаң пайда болды.
«Жер кодексінің 110-бабының тармағына сәйкес шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін алудың басым құқығын жеке еңбек учаскесі негізінде шаруашылық жүргізетін, арнайы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі бар, ауыл шаруашылығында практикалық тәжірибесі бар және осы ауданда, қалада, ауылда, кентте тұратын азаматтар пайдаланады. Назарбаева Ә.Н. Жамбыл ауданында жер алған кезде онда тұрмаған, қазіргі уақытта тұрмайды, шаруа қожалығымен айналысуға ниеті болмаған, бұған жерді нысаналы мақсаты бойынша ұзақ уақыт пайдаланбауы дәлел», – делінген сот шешімінде.
Сот кезінде Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскелері мен оларды жалға алу құқығы сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) берілуге тиіс екендігі атап өтілді. Алайда, айтылған жағдайда белгісіз бір себептермен сауда-саттық жүргізілмеген.
Сонымен қатар Әлия Назарбаеваға учаскесін бермес бұрын, Жер қатынастары бөлімі аумақтың нысаналы мақсатын анықтауы және жер таңдауды жүзеге асыруы, комиссияның қорытындысын дайындауы, жерге орналастыру жобасын әзірлеп, бекітуі керек еді. Алайды мұның бірде бірі орындалмаған. Сондықтан прокуратура Әлия Назарбаева мемлекеттік аумақтарды заңсыз алды деген қорытындыға келді. Сот осы негізде шарттарды жарамсыз деп танып, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға шешім қабылдады.
Қайрат Сатыбалды мен Болат Назарбаевтың жер алудағы жолы өткен жағдайға өте ұқсас. Прокурор бұл мәселе бойынша да сотқа жоғарыда көрсетілген талаптармен жүгінген.
Бұл жағдайда «Айсам және Ко.ЛТД» ЖШС-не (құрылтайшысы Қайрат Сатыбалды) тиесілі Қарасай ауданындағы жер учаскесін жалдау шарты қаралды. Сот болуына жер учаскесінің жер заңнамасын бұза отырып берілгендігі де түрткі болды.
2016 жылы бұл компания Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылдық округінде орналасқан учаскені жалға алады. Уақыт мерзімі өткен мысалда секілді – 49 жыл. Оның жалпы ауданы – 1 485,8 га, нысаналы мақсаты – жеке орман өсіру. Алайда кейін анықталғандай, бұл жер орман өсіруге арналмаған және мемлекеттің ерекше қорғауында болған.
«Сот даулы жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жататынын және мемлекеттің ерекше қорғауында болғанын анықтады (ЖК 97-бабының 3-тармағы)», – делінген сот шешімінде.
Бір қызығы, 2020 жылдың шілдесінде «Айсам және Ко.Лтд» (Қазіргі аты «QazAgroCentrе» ЖШС) қайта тіркеледі. Қазіргі уақытта компания құрылтайшысы – Болат Назарбаев.
Сондай-ақ сот шешімінен берілген жер Алматы қаласымен шектесетіні белгілі болды. Бұл «Алматы қаласының қала маңындағы аймағының бас жоспары туралы» ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы №1097 қаулысының бұзылуына жатады. Оған қоса жерді пайдалану тәртібі мен режимі Үкіметте өңірдің атқарушы органдарының бірлескен ұсыныстары бойынша айқындалуы тиіс еді (БҚ 110-бабының 5-тармағы).
Сонымен қатар жерге орналастыру жобасы жер беріліп қойғаннан кейін ғана әзірленіп, бекітілген. Өзге заңбұзушылықтар қатарында – учаскені алуда сауда-саттықты өткізбеу фактісі бар. Алайда, бұл жағдай Әлия Назарбаеваның жеріндегі мысалыдан өзгерек. Сот кезінде жауапкер тарапы мемлекеттік жерді жеке орман өсіру үшін пайдаланылса, сауда-саттықсыз алуға болатынын хабарлады. Алайда жоғарыда айтылғандай, бұл учаскенің өзі бұл мақсатқа арналмаған.
«Жер учаскесін жер заңнамасының талаптарын айналып өту мақсатында, атап айтқанда сауда-саттықты өткізбей алу үшін, әкімдік өз қаулысында жердің жеке орман өсіруге арналғанын көрсеткен, бұл ретте ЖК 43-бабында көзделген тәртіпті бұза отырып, оны аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі белгіленбегенін көрсетті. Осылайша, аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес келмейтін мақсаттар үшін жер учаскесін беру нәтижесінде ҚР Үкіметі пайдалану тәртібі мен режимін айқындамай, сондай-ақ сауда-саттық өткізбей, мемлекеттің мүліктік құқықтары бұзылды», – делінген сот шешімінде.
Бірінші жағдайда секілді, мемлекеттік жерлерді жалдау шарты жарамсыз деп танылып, экс-президент туыстарының меншігіндегі бір жарым мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне оралды.
Жалпы барлық сот процестерінен кейін экс-президент туыстарынан 2 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда заңбұзушылар қандай жазаға тартылды?
Сот Әлия Назарбаеваның шаруа қожалығынан мемлекет кірісіне мемлекеттік баж сомасын – 1532 теңге өндіріп алуға қаулы етті. Ал «QazAgroCentre» ЖШС-нен (қазіргі құрылтайшы Болат Назарбаев) мемлекет табысына бақандай 1590 теңге өндірілді.