Елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтары анықталып, елден шығарылды, деп хабарлайды Kazbusiness.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Шетелдіктердің келгені туралы полицияға уақытылы хабарламаған 2536 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі “Заңсыз келуші” деген жедел алдын алу шарасын өткізді. Шараның мақсаты – шетелдіктердің мемлекетте болу ережесін сақтау.
“Полиция қызметкерлері шетелдіктер тұратын жерлерді, құрылыс объектілерін, шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексерді. Операцияның жеті күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 11 051 адам анықталды. Оның ішінде 7331-і – мемлекетте болу тәртібін бұзған шетелдіктерге қатысты (көбінесе мына мемлекеттерден келген: Өзбекстан – 6498, Ресей – 211, Қырғызстан – 311, Тәжікстан – 234, Түркия – 30, Үндістан – 11, Ауғанстан – 4, Нигерия – 26, ҚХР – 6), шетелдіктермен заңсыз жұмыс істеуге қатысты 2400 дерек анықталды, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған 507 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды”, – делінген министрлік хабарламасында.