Сәуірдің жартысы өтсе де, қазақстандық шаруалар мемлекет берген субсидияны әлі ала алмай жүр. Мәселе былай – Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қолдау» порталының орнына ашқан жаңа gosagro.kz сайтын толық іске қоса алмаған. Министрлік «шикі» платформаны пайдалануға беріп, енді шаруалар субсидиясыз қалған. Көктемгі егіс науқанына кешікті деуге де болады. Егін уақытылы егілмесе, өнім қайдан болады? Демек, онлайн платформаның жүйесіз жұмысының салдары ауыр – азық-түлік қымбаттап, шаруалар мүлдем егін егуден бас тартуы мүмкін.
Айта кеткен жөн, субсидиялау процестерін цифрландыру басталған 2018 жылдан бастап, шаруалар үшін проблема аз болмаған. Бірақ «Қолдау» порталы біраз жыл қолдану барысында пысықталды.
Ал биыл АШМ gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесін қосты. Оның функционалы фермерлердің өтінімдерін онлайн тапсыруға және оларды мемлекеттік органдардың қарауына ғана негізделген.
Субсидиялардың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің (gosagro.kz) кемшіліктері туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Есенеев айтып берді.
«Жаңа порталда олқылықтар көп. Біреуіне тоқталсам: өтінім дұрыс толтырылмаған жағдайда бұғаттау жоқ. Мысалы, Ақмола облысы бойынша осы жылға «Пестицидтерге арналған нормативтерді бекіту туралы» қаулы қабылданған жоқ, ал өтінімдер ауыл шаруашылығы басқармасына түсіп жатыр. Бақылау-қадағалау органдары қайтару үшін айқындаған субсидиялардың көпшілігі барлық құжатты тапсыру кезінде кәсібилігінің төмендігі немесе заңнаманың өзін екі жақты пайымдауына байланысты белгіленгенін атап өткім келеді», – деді Ұлттық палата өкілі.
Сарапшының айтуынша, порталдың жұмысына қатысты проблемаларды тізе берсе көп. Солардың бірі – шаруалардың порталдағы жұмыс процесін түсінбеуі. Ірі холдингте субсидияға өтінім беру үшін арнайы адам табылуы мүмкін, бірақ өзі агроном, өзі зоотехник және өзі басшы болатын шағын фермаларда порталдың жұмысын зерттеп отыратын уақыт жоқ. Сарапшы бұдан бөлек басқа проблемаларға тоқталды.
«Мысалы, 6 құс фабрикасын біріктіретін Aitas ірі холдингі де өтінім беруде қиындықтарға тап болды. №20 «құс шаруашылығында бірінші және екінші ретті асыл тұқымды репродукторды құру және кеңейту» жобасының паспорты бойынша инвестициялық субсидиялауға өтінім беру кезінде порталда жобаның паспортында көрсетілген тармақтарға сәйкес асыл тұқымды репродукторды салу немесе кеңейту жөніндегі бір жоба шеңберінде салынған ғимараттарды орналастыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына жеке өтінім беру көзделген. Әрбір жеке ғимаратқа және осы ғимараттар үшін әрбір жабдыққа инвестициялық субсидиялауға жекелеген өтінімдер беру дұрыс емес. Осыған байланысты порталды құрылыс заңнамасына сәйкес дұрыстау қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, компания пайыздық мөлшерлемеге өтінім беру проблемаларына тап болған. Мұнда банкінің қарыз шарты бойынша қарызды өтеу кестесін толтырған кезде кемшіліктер бар:
- негізгі борыштың қалдығы алынып тасталмайды;
- субсидиялар сомасы және негізгі борыш қалдығының сомасы дұрыс емес деп есептеледі;
- қарызды өтеу кестесі дұрыс емес деп саналады;
- сыйақының субсидияланатын бөлігінің сомасы қолмен де, автоматты түрде де толтырылмайды;
- қарыз алушы төлейтін сыйақы бөлігінің сомасы да қолмен де, автоматты түрде де толтырылмайды;
- қарызды өтеу кестесін толтыру кезінде екінші жолдың не үшін қарастырылғаны белгісіз;
«Бұл мысал тек бір ұйымнан. Фермерлер жүйе заңнамада көзделмеген жекелеген паспорттар бойынша жабдыққа немесе аспалы техникаға тіркеу нөмірін талап ететін мәселелер бойынша да наразылықтарын білдірді», – деп жалғастырды спикер.
Несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша осы уақытқа дейін (2022 жылы мақұлданған) резервке түскен өтінімдердің тізімі жоқ. «Хабарлама» беру процесі қарастырылмаған, яғни төлемдерді қайта жүргізген фермерлер мемлекеттік қолдау шараларын: ішінара мерзімінен бұрын өтеу, құқық иесінің ауысуы және басқаларды ала алмай отыр.
«Ұлттық палата ұзақ уақыт бойы БСН берілген шаруа қожалықтары бойынша «Қолдаудың» әзірлеушілерімен жұмыс істеді. Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, Gosagro-да осы өзгерістер ескерілмеген және БСН-і бар шаруа қожалықтар өтінім бере алмай, зардап шегіп отыр», – деп қосты Ербол Есенеев.
Маманның айтуынша, мемлекеттік база талдау және ақпарат алмасу, өңірлердің мамандануын анықтау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін ресурстық көз болуы тиіс – бұл әлемдік тәжірибе.
«АҚШ-та мемлекеттік ақпараттық жүйе осылай жұмыс істейді. Бұл бос өтінім базасы ғана емес, сонымен қатар әкімшілік функцияларды жүзеге асыруға көмектесетін ақпараттық ағындарды басқарудың геопорталы. Ал мұндай міндеттерге қол жеткізу үшін салалық ведомство барлық мүдделі тұлғамен бірлесіп мәселені жедел шешуі қажет», – деп ұсынды Ербол Есенеев.