Жетісу облысының Алакөл, Ақсу, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласын қара түтін басты деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Бұл Абай облысындағы өрттен жеткен түтін болуы мүмкін.
Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, ауадан өрттің иісі шығып тұр.
Орын алған жағдайға байланысты, Төтенше жағдайлар қызметі түсініктеме берді.
«Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары! Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше аудандарының аумағы қалың түтінмен жабылды. Осыған байланысты сабырлы болуларыңызды және маска киюлеріңізді сұраймыз», – деп жазылған ТЖД хабарламасында.
Төтенше жағдайлар департаменті тыныс алу органдарының ауруы бар адамдарға және қарт адамдарға үйден шықпауға кеңес берді.
Естеріңізге сала кетсек, 9 маусымда жергілікті әкімдік Абай облысы Бородулиха ауданында өрт күшейіп, он төрт орманшы қаза болғанын хабарлаған. “Семей орманы” мемлекеттік табиғи орман резерваты аумағындағы өртке байланысты Семей қаласында төтенше жағдай енгізілген.
Орын алған қазаға байланысты, 12 маусым Қазақстан бойынша қаралы күн деп жарияланды.